Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы күрт құбылады. Елдің батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі, ал оңтүстікте шаңды дауыл соғады. Синоптиктер температураның төмендейтінін ескертті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметіне сәйкес, аптаның басында республиканың батыс және солтүстік-батыс өңірлері белсенді циклонның ықпалында болады. Ол өзімен бірге жаңбыр мен сулы қар түріндегі жауын-шашын әкеліп, желдің күшеюіне себеп болады. Ал аптаның екінші жартысында атмосфералық фронттар оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарға ауысады. Мұнда да жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі.
Қазақстанның қалған аумағында солтүстік антициклонның әсері сақталады. Бұл өңірлерде негізінен құрғақ, бірақ салқын ауа райы орнайды, түнде тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің айтуынша, оңтүстік өңірлерде кей жерлерде шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Алдағы күндері ауа температурасы ауытқып тұрады:
Батыс және солтүстік-батыс аймақтарда түнде +3…+11-ден -5…+8 градусқа дейін, күндіз +5…+18 градус аралығында болады;
Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде түнде -13…0-ден -3…+3 градусқа дейін төмендеп, күндіз +15 градусқа дейін жылынады;
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнгі температура 0…+13 градус, күндіз +10…+23 градус шамасында болады.
Қазгидромет мамандары ел тұрғындарын ауа райының құбылмалы сипатына дайын болуға және жолда абай болуға шақырады.
Пікірлер