Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың қаңтар және шілде айларында 24 мың шетелдік келушілер арасында іріктемелі зерттеу жүргізді. Олардың 73,1% Қазақстанға жеке мақсатпен келсе, қалған 26,9% жұмыспен келген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Келген туристердің жартысынан астамы 25 пен 44 жас аралығында.
Ең көп турист Астана, Алматы қалаларына және Маңғыстау облысына барған. Туристердің 32,5% курорттық аймақтарды аралаған. Олардың ішінде ең көп баратын орындар — Алматы тау кластері мен Маңғыстау өңірі.
Қазақстанға келу (және елден шығу) үшін туристер негізінен теміржол көлігін (33,3%), әуе көлігін (26,6%) және халықаралық автобус маршруттарын (22,7%) пайдаланған.
Тұру орындары бойынша туристердің басым бөлігі (48,3%) туыстарының немесе таныстарының үйінде ақысыз тоқтаған, 25,7% қонақүйлерде, ал 21,4% жалға алынған пәтерлер мен үйлерде тұрған.
Келген адамдар орта есеппен 4 күн қонған.
Келген туристердің жалпы шығыны 4,6 млрд теңге. Негізгі шығындар — елге келу және кету кезіндегі көлік шығындары (2,3 млрд теңге), орналастыру орындарындағы тұру ақысы (554,5 млн теңге) және қоғамдық тамақтану орындарындағы (мейрамханалар мен кафелер) шығындар (439 млн теңге).
Зерттеу туристер Қазақстаннан кетіп бара жатқан сәтте әуежайларда, теміржол вокзалдарында, автобекеттерде және автомобиль өткізу бекеттерінде жүргізілген.
Зерттеуге 71 елден келген турист қатысты, олардың ішінде ең көбі Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен.
Пікірлер