"Қазақстан темір жолы" компаниясы астық тасымалдау тарифін 2030 жылға дейін біртіндеп көтереді. Бұл Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде астықты тасымалдаудың өзекті мәселелеріне арналған отырысында талқыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
– Астық тасымалы тарифіне келер болсақ, экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімі бар. Оған сәйкес, біз тарифті 2024 жылдан 2026 жылға дейін жыл сайын 24 пайызға көтеруге тиіспіз. Дегенмен, 2024 жылы біз тасымалынан 44 млрд теңге зиян шектік. Тасымалдың өзіндік құны қазіргі тарифтен 2 есе жоғары. ТМД елдерімен салыстырсақ, бізде ең төменгі тариф, – деді "ҚТЖ" ұлттық компаниясы" АҚ басқарушы директоры Дайыр Көшеров.
ҚТЖ өкілі көршілес елдердегі бағаны нақты мысалға келтірді.
– Айталық, еліміздің аумағымен Сарыағашқа дейін 2 100 шақырымға бір шақырымға 12 доллар төлейді. Ал өзбек аумағында Галаба стансасына дейін – 782 шақырым. Оларда тариф 26 долларды құрайды. Егер тоннна/шақырымды есептейтін болсақ, өзбек тарифімен арадағы айырмашылық 6 есе. Олар тіпті өздерінің тұтынушылары үшін де бағаны түсірмейді, – деді Дайыр Көшеров.
Оның айтуынша, 2026 жылы да астық тасымалы тарифін 24 пайызға көтеру жоспарланып отыр.
– Одан кейін инфляция деңгейіне байланысты қарастырып отырамыз. Біздің негізгі мақсатымыз – 2030 жылға қарай біртіндеп тым болмағанда өзіндік құны деңгейіне жету. Кейбір нарық қатысушылаыр тарифті бірден 2 есе көтеріп жібереді деп алаңдайды. Мұндай болмайды, – деді ҚТЖ өкілі.
Пікірлер