Биылғы 16 қазаннан бастап барлық тұтынушы тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Тарифтердің өсуін тежеу табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығыстарын оңтайландыру есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ТКШ жүйесі нысандарында жоспарланған барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.
Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғын үй көмегін көрсету тетігі қолданылады.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, экономиканы жақсартуға бағытталған шаралар кешенін әзірледі. Бірінші кезекте 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтердің өсуін тежеу мәселесі қозғалады. Біз электрмен, жылумен жабдықтау, сумен, кәріз және газбен жабдықтау сияқты коммуналдық қызметтер туралы айтып отырмыз. Бұл өмірлік маңызды салалар. Осы орайда біз аталған қызметтердің тиісті сапасын, барлық инвестициялық іс-шаралардың орындалуын және ТКШ инфрақұрылымының тұрақты, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеміз, — деді ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев.
Пікірлер