Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің бұрынғы басшысы, 62 жастағы Мамай Бұтабаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін сотталды. Бұл өңірде парақорлық бойынша айыпталған қатарынан үшінші шенеунік, деп хабарлайды Buqara.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Қашан қолға түсті?
Бұтабаев 2024 жылдың 13 шілдесінде қолға түсті. Оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыс үстінде ұстаған. Сол күні лауазымды тұлға жол-құрылыс компаниясы директорының орынбасары Қанат Дырынбаевтан 8,5 миллион теңге АҚША алған. Бұл сома алдын ала төлем болып саналды. Бұтабаев барлығы 130 миллион теңге алып, заңсыз байып кетуді көздеген.
Orda.kz ақпаратынша, Дырынбаев – «Синьсинь» ЖШС-нің (қытайлық компанияның Қазақстандағы филиалы) мемлекеттік органдармен байланыс мәселелеріне жауапты қызметкері. Компания ол кезде Қалбатау – Майқапшағай автожолының бір бөлігін жөндеумен айналысып жатқан. Тергеу нұсқасы бойынша, Бұтабаев экологиялық заңбұзушылықтарға көз жұма қарап, компанияға «жалпы қамқорлық» көрсетуге уәде берген.
Алайда сотта шенеунік өз кінәсін мойындамады.
«Айыптау тергеу органының болжамына ғана негізделген. Кәсіпорынға қамқорлық көрсетілгенін растайтын бірде-бір дәлел жоқ», – деді экс-шенеуніктің адвокаты Ерік Халелов үкім оқылғаннан кейін.
Адвокаттар шағым түсіруі мүмкін
Соған қарамастан, Мамай Бұтабаев кінәлі деп танылып, 10 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды. Қанат Дырынбаев та дәл осындай жаза алды. Ол бірден екі бап бойынша жауапқа тартылған: пара беру және қылмыстық жолмен табылған кірісті заңдастыру.
Бұл оқиға осымен аяқталмады. Іс материалдарында «Инком-Шығыс» ЖШС-нің иесі Марат Ақылғазин есімі де аталады. Ол қылмыстық кірісті заңдастыруға оқталғаны үшін 6 жылға сотталды. Сот нұсқасына сенсек, ол Дырынбаевтың қаражатын өз компаниясына аудару арқылы ақшаны жасырмақ болған.
Айыпталушылардың адвокаттары апелляциялық шағым түсіруі мүмкін.
Бұтабаев жарты жыл ғана басшы болды
Мамай Бұтабаев экология департаментін небәрі алты ай ғана басқарды. Бұған дейін ол Абай облысында жұмыс істеген. Шығыс Қазақстанға оның алдындағы басшы – Данияр Әлиев парамен ұсталғаннан кейін тағайындалған болатын. Әлиев те қазірг жазасын өтеп жатыр.
Ал Әлиевтің алдында, небәрі бір ай бұрын, оның орынбасары Рауан Тұраров ұсталған еді. Ол алтын өндіретін компаниядан пара алған. Сотта Тұраровтың кінәсі дәлелденіп, 7 жылға сотталды.
Жалпы, бұл өңірдегі экологиялық ахуал әлі де күрделі. Биыл аймақтағы бірнеше ірі кәсіпорын рұқсат етілген ластаушы заттар көлемін арттырғаны және қалдықтарды дұрыс көмбегені үшін айыппұл арқалады. Бұтабаевтың ісінде аталған «Синьсинь» компаниясы 1 миллиард теңгеден астам айыппұл төлеген.
Пікірлер