Іс-шараны «Казцинк» ұйымдастырды. Бір алаңда Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен бейінді бағыттағы колледждердің 100-ге жуық студенті жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Форумның мәні - болашақ түлектерге мансап мүмкіндіктерін көрсету, оларды жұмысшы мамандығынан бастап, басшылық қызметке дейін көтерілген қызметкерлердің табыс тарихымен шабыттандыру.
Қатысушыларға корпоративтік бағдарламалар таныстырылып, бір кездері өздері студент болған және осындай жобаларға қатысқан компания өкілдерімен кездесу өткізілді. Олар жеке тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарға жауап берді және табысқа жету жолындағы қиындықтарды қалай еңсергендерін әңгімеледі.
Практикалық шеберлік сыныптарында студенттер тиімді түйіндеме жазуды және сұхбаттан сәтті өту жолдарын үйреніп қана қоймай, сонымен қатар қаржылық сауаттылық, шешендік өнер мен жоғары білікті маман иесіне қажет болатын басқа да құзыреттілік дағдыларын нығайтты.
- Мансап форумы – әлеуетті жұмыс берушімен тікелей қарым-қатынас жасау үшін тамаша алаң, - деді "Казцинктің" әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей ЛАЗАРЕВ. - Мұнда студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтарды тікелей қойып, компанияның мүмкіндіктері туралы толық ақпарат алады және келешекте "Казцинктің" үлкен де тату командасының бір бөлігі болуға қадам жасауы мүмкін.
Пікірлер