ШҚО Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері бір күнде Зайсан көлінде балық ресурстарын заңсыз аулаудың үш фактісін анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарбағатай ауданындағы алты тұрғынның заңсыз әрекетке қатысы бар екені анықталды.
- Бірінші факті бойынша екі ер адам ұсталып, олардың 290 келіден астам балық аулағаны белгілі болды. Оның ішінде, көксерке, шортан және сазан бар. Мемлекетке келтірілген шығын 1 940 000 теңгені құрады. Екінші дерек бойынша браконьерлер 356 келі балық аулап, 2 600 000 теңгеден астам шығын келтірген. Ал үшінші топ дәл сол аумақта заңсыз балық аулап, 500 келіден астам көксерке, шортан және алабұға балығын ұстаған. Келтірілген шығын мөлшері шамамен 3 900 000 теңгені құрады, - делінген ШҚО Полиция департаментінің ақпаратында.
Құқық бұзушылардан «Прогресс-2» маркалы қайықтар, түрлі маркадағы қайық моторлары және заңсыз балық аулауда пайдаланылған ондаған нейлон торы тәркіленді.
Алты күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Балық ресурстарын, басқа су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Пікірлер