Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Аудан әкімі Дидар Кеңесбаевтың айтуынша, тоғыз айда экономикалық өсім қарқыны 105,2%-ға жетіп, 31,2 млрд теңгеге өнім өндірілген.
– Соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 95%-дан 107%-ға дейін артты. Аудан кәсіпорындарының өндіріс көлемін ұлғайту және экспорт нарығын кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, – деді аудан басшысы.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелер бар. Биыл 41 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда сәл төмен. Әкімнің айтуынша, оған ауа райының қолайсыздығы әсер етіп, егін жинау қарқыны баяулаған. Соған қарамастан, жыл соңына дейін оң динамика қамтамасыз күтілуде.
Халықты жұмыспен қамту шаралары да назардан тыс қалмады. Жыл басынан бері 193 адам қоғамдық жұмыстарға, 13 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Ал жастар практикасына – 13, «Бірінші жұмыс орны» жобасына – 11, «Күміс жас» бағдарламасыа 26 адам қатысқан.
– Бұл бастамалар атаулы әлеуметтік көмек алушылардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Қазір аз қамтылған азаматтар саны 54 адамға дейін қысқарып, өткен жылмен салыстырғанда 52%-ға төмендеді, – деді Дидар Кеңесбаев.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауданда санитарлық тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сенбіліктерге қала, кент және ауылдық округ әкімдіктері мен ұйымдар белсенді қатысып келеді. Ауданды көгалдандыру жоспары бойынша биыл 11 200 көшет отырғызылған.
Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2025–2026 оқу жылында 23 мектепте барлығы 4 939 оқушы білім алуда. Биыл 402 бала 1 сыныпқа қабылданып, 240 оқушы 11 сыныпқа өтті.
Білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі 8,6 млрд теңгені құрайды. Жаңа оқу жылына 5 мыңнан астам оқулық таратылып, 9 жаңа үлгідегі пән кабинеті сатып алынған.
– Шемонаиха ауданының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты. Тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады, – деді аудан әкімі.
Пікірлер