Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы күрес бағытындағы жұмыс күшейтілді. Биылғы 9 айдың ішінде 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, 26 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға көп, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтың айтуынша, еліміздің болашағына төніп тұрған басты қауіптердің бірі – есірткі заттарының таралуы мен нашақорлық.
- Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған бағыттардың бірі – есірткі заттарының таралуы мен нашақорлықтың алдын алу. Бұл – еліміздің болашағына төніп тұрған елеулі қатер, – деді ол ОКҚ алаңындағы брифингте.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
- Комитет министрліктің үйлестіруші органы ретінде тиісті заңнамаға уақытылы өзгерістер енгізуге және Кешенді жоспар аясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге өз үлесін қосып отыр, – деп атап өтті Әлжанов.
Сарапшының айтуынша, елдегі есірткі ахуалы оңай емес, әсіресе синтетикалық түрлердің жастар арасында кеңінен таралуы қоғамды қатты алаңдатуда.
- Соңғы жылдары синтетикалық есірткілердің қолжетімділігі артты. Бұл – жастар үшін ең үлкен қауіптің бірі. Сондықтан ІІМ тарапынан бұл бағытта арнайы жедел және алдын алу шаралары күшейтілді, – деді комитет төрағасының орынбасары.
9 айдың қорытындысы: 6 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Қуандық Әлжановтың айтуынша, 2025 жылдың 9 айында елімізде 6 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде:
2,7 мың – қылмыстық іс,
оның ішінде 1,7 мың – есірткі сату фактісі,
301 – аса ірі мөлшерде сақтау,
379 – құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру,
117 – контрабанда фактісі,
5 есірткі притоны анықталған.
Сонымен қатар, 26 тоннадан астам түрлі есірткі заты тәркіленді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35%-ға артық.
Тәркіленген заттардың ішінде:
3 тонна кептірілген марихуана,
412 кг гашиш,
1,14 тонна синтетикалық есірткі,
қалған бөлігі — каннабис өсімдіктері.
- Қазір есірткі қылмысының жаңа түрі пайда болды – каннабис тобына жататын өсімдіктерді жабық жылыжайларда, яғни “фитолабораторияларда” өсіру. Биыл мұндай 93 жағдай анықталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп, – деді Қуандық Әлжанов.
2024 жылы мұндай бар болғаны 18 жағдай тіркелсе, биыл олардың саны күрт артқан.
Пікірлер