Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжілістің отырысында елдегі инфляцияның жоғарылауын түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Айтуынша, сыртқы сын-қатерге қарамастан Қазақстанның экономикасы тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 6,3%-ға ұлғайды. Ең жоғары өсім көлік саласында, құрылыста, тау-кен өнеркәсібінде, саудада және өңдеу өнеркәсібінде байқалуда.
- Отандық тауарлар мен қызметтердің ұсынысы сұраныстың өсуін қамтамасыз ете алмай жатыр. Бұл – инфляциялық жағдай туғызады және импортқа сұранысты арттырады. Осылайша, қыркүйекте жалпы жылдық инфляция 12,9%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағалары 12,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 10,8%-ға, ақылы қызметтер 15,3%-ға артты. Айлық инфляция мен оның тұрақты бөлігі де жеделдеді. Ал халықтың инфляциялық күтулері жоғары және құбылмалы болып қалуда, - деді Ұлттық банк төрағасы.
Осылайша, баға қысымының күшеюі ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен қалыптасқан.
- Ішкі факторларға ішкі сұраныстың артуы, белсенді тұтынушылық кредиттеу, коммуналдық қызметтерге тарифтердің және жанар-жағармай бағасының өсуі жатады. Сыртқы факторларға азық-түліктің әлемдік бағасының өсуі, көршілес Ресейдегі жоғары инфляция мен рубльдің нығаюы, сондай-ақ әлемдегі сауда шектеулерінен туындаған белгісіздік жатады. Осы факторлар аясында инфляция қаңтардағы 8,6%-дан қыркүйекте 12,9%-ға дейін өсті, - деді Тимур Сүлейменов.
Пікірлер