
Өскеменде 50-ге жуық отбасы баспанаға ие бола алмай, далада қалуға шақ
Газет редакциясына қоңырау шалып, шағымданған үлескерлер Өскемендегі “Diamond” тұрғын үй кешені құрылысының бірнеше жылдан бері тоқтап тұрғанын айтты. Олар қазір жауапты мекемелерден нақты әрекет күтеді. Армандаған пәтерге емес, қаңырап тұрған бетон үйге қарап, үміттері сөне бастаған жұрттың жанайқайы бүгінгі күннің ащы шындығына айналған. Газет тілшісі аталған мәселенің ақ-қарасына үңіліп көрген болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ақшамыз ауаға кетіп жатқандай»
2022 жылы ЖилСтрой банкінің «Жасыл ипотека» бағдарламасына қатысып, пәтер сатып алған 50-ге жуық отбасы бүгінде далада қалудың аз-ақ алдында. Баспаналардың кейбірі несиеге, енді бірі қолма-қол ақшамен рәсімделген. Алайда арада 3 жыл уақыт өтсе де, үйдің құрылысы әлі аяқталған жоқ. 2024 жылы аталған нысан «Қазақстандық Тұрғын Үй Компаниясы» акционерлік қоғамына (КЖК) берілгенімен, бір жыл бойы ешқандай құрылыс жұмысы жүргізілмеген. Қазір көпқабатты үйдің тек темір-бетон қаңқасы ғана көзге шалынады. Онда терезе де, шатыр да жоқ. Айналада құрылысқа тән ешқандай қимыл байқалмайды.
– Үй алдық деп қатты қуанып едік. Бар-жоқ ақшамыздың бәрін салдық. ЖилСтрой банкі кепілдік берген соң, сендік. Қазір сол ипотеканы төлеп отырмыз. Бірақ бұл – ауаға кетіп жатқан ақша сияқты. Қанша жылдан бері түк өзгерген жоқ, – деді үлескер Жеңісбек Умбетаев.
Үлескерлердің айтуынша, «нысанға мемлекеттік сараптама жүргізілді» деген ақпарат оларға тек ауызша айтылды. Бірақ бұл туралы бірде-бір ресми құжат берілмеген. Пәтер иелері не банктен, не құрылыс компаниясынан, не жергілікті биліктен мардымды жауап ала алмай жүр.
– Құрылыстың неге тоқтап тұрғаны туралы бізге ешкім нақты мәлімет берген жоқ. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы қандай? Қандай кедергілер бар? Белгісіз. E-Otinish арқылы да бірнеше рет сауалхат жолдадық, алайда әр жолы жалпылама жауаппен шектелді. Арамызда көпбалалы аналар, зейнеткерлер бар. Көпшілігі жалдамалы пәтерде тұрып жатыр, ипотекамен қоса пәтерақы төлеп, екі жаққа қиналудамыз. Бізді сандалтпай, шындықты айтса екен, – деді үлескерлердің бірі Рашида Қамбарова.
Басқарма бөліскен ақпарат
Газет тілшісі бұл мәселе бойынша Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ресми сауалхат жолдады. Басқарма берген жауапқа сәйкес, құрылыс жұмыстары 2022 жылдың 10 мамырында басталған. Алайда жобалық-сметалық құжаттама бірнеше рет өзгертіліп, қайта сараптамаға жіберілген. 2024 жылы нысан «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-на (КЖК) тапсырылғанымен, құрылыс қайта басталған жоқ.
– Қазір жоба теріс сараптамалық қорытынды алған. Құрылысты жалғастыру үшін құжаттар қайтадан түзетіліп, мемлекеттік сараптамадан оң баға алуы тиіс. Осыған дейін «Sparkle Diamond» ЖШС-ға қатысты 2023 жылы заңбұзушылықтар анықталып, әкімшілік іс қозғалды. Бірақ үлескерлерге нақты үйдің қашан тапсырылатыны туралы мерзім берілмеген, – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары Самат Қайырдинов.
Айта кетерлігі, басқарма өкілдері тұрғындар санын білмейтінін және жобаны аяқтауға көмектесу олардың құзыретіне кірмейтінін де атап өтті.
Қаңырап қалған құрылыс тек Өскеменге ғана тән жағдай емес. Мұндай проблемалар елордада да бар. Соның бір мысалы – Астанадағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты «Дорстройтрест» ЖШС-нің басшысы сотталып, сыбайлас жемқорлық фактілері әшкере болды.
Шатаққа әкелген шалалық
Анықталғандай, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен «Дорстройтрест» ЖШС арасында келісім жасалып, компанияға 2,6 млрд теңге аванс ретінде төленген. Алайда құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмай, қаржының бір бөлігі құрылысқа мүлде қатысы жоқ мақсаттарға – автокөлік сатып алуға және қарыз өтеуге жұмсалған.
Тергеу нәтижесінде Нұрабаев есімді мердігер басшы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, жалпы құны 131 млн теңге болатын мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленді. Қылмыстық іс аясында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуге жарияланды.
«Diamond» тұрғын үй кешенінің қазіргі халі – елдегі үлестік құрылыстағы жүйелі проблемалардың бір көрінісі. Бірі бар жиған-терген ақша салып, болашаққа жымия көз тастайды. Ал мынадай шалағайлыққа басқан мердігерлердің алда тағы кімдерді зар қақсататындары беймәлім. Бірақ бұл сұраусыз қалмауы тиіс. Ендігі басты сұрақ – қай уақытта шешім қабылданып, қашан нақты іс қолға алынады? Ал әзірге – үй бар, бірақ шындығында жоқ. Тұрғындарға қайтпек керек? Бетон үйге қарап үмітін үзбеген халықтың арманы қағазбастылық пен үнсіздік құрбаны болып тұр.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер