Бас прокурор Берік Асылов Қазақстанда қылмыс деңгейі төмендеп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, прокуратура органдары азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы қадағалау қызметін күшейту шараларын жалғастырып жатыр. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Қазір Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетті болжамды-талдамалық орталық ретінде қайта құру процесі жүріп жатыр. Бұл жоба жасанды интеллект пен талдамалық құралдарды пайдалана отырып, жиналған мәліметтерді бірыңғай деректер жүйесіне біріктіруге мүмкіндік береді.
Берік Асыловтың сөзінше, орталық және өңірлік деңгейде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету жөніндегі Жобалық кеңсе құрылуда. Оның негізгі мақсаты – азаматтық қоғаммен және адам құқықтарын қорғау құрылымдарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, қоғамда құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Ел бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар өткізілуде. Әсіресе интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл басты назарда тұр.
Бас прокурор атап өткендей, бірқатар өңірлерде ауылдар өз еркімен алкоголь өнімдерін сатудан бас тартқан, бұл қылмыстың азаюына, ал кей аймақтарда оның мүлдем болмауына ықпал етті.
- Заң мен этикалық нормалардың бұзылуы туралы хабарлап, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтуға белсенді қатысатын азаматтарды ынталандыру жүйесі әзірленуде. Елдегі қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын айта кету керек. 9 айдың қорытындысы бойынша 98,5 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Әсіресе аса ауыр қылмыстардың, ұрлық, тонау және қарақшылық фактілерінің айтарлықтай қысқарғаны байқалады. Жүйелі профилактика, құқық қорғау үдерістерінің цифрландырылуы, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру оң нәтиже берд, - дейді ол.
Пікірлер