Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Рүстембек Кемешев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімнің айтуынша, көші-қон жоспары 112 пайызға орындалған.
– Оңтүстік өңірлерден қоныс аудару жұмысы белсенді жүріп жатыр. Ақбұлақ ауылына – 4 отбасы, Марқакөл ауылына – 1, Қалжырға – 2, ал Қазақстан ауылына – 1 отбасы көшіп келді. Қоныс аударушылардың барлығы бір реттік көшуге арналған субсидия алды, – деді аудан басшысы.
Аудан экономикасының барлық негізгі бағытында оң динамика байқалатын көрінеді. Биыл өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 9,9 млрд теңгеге жеткен. Рүстембек Кемешевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде 109,9 пайыздық, ауыл шаруашылығы саласында да 10,4 пайыз өсім байқалып, жалпы өнім көлемі 7,1 млрд теңгені құраған.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жоба жүзеге асырылды. «Рахат Туризм» демалыс орнын қайта жаңғыртты, ал «Айсаб» серіктестігі Ақжайлауда 8 киіз үйден тұратын этноауыл салды. Сондай-ақ Урунхайка ауылында 6 глемпинг үйі ашылды. Жақында «Aila Tau» ЖШС-мен марал шаруашылығына бағытталған сауықтыру кешенін ашу жөнінде келісім жасалды, – деді аудан әкімі.
Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. "Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға арналған 10 пәтер салу жоспарланған. Оның 4 пәтері пайдалануға берілді. Сонымен қатар 1978 жылы салынған көпқабатты үйлер күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
- Ауданда 21 білім беру нысаны жұмыс істейді. 868 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Биыл Игілік ауылында 50 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қайнарлы мен Төсқайың ауылдарында да жаңа білім ошақтарының құрылысы жүріп жатыр, - деді аудан басшысы.
2025 жылы ауданда 467 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, бұл көрсеткіштің орындалуы 106 пайызға жетті.
Пікірлер