21 қазан күні Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында «Қазақстан – Әзербайжан» іскерлік форумы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл іс-шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға арналған маңызды алаңға айналды.
Форумның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, әлеуметтік және білім беру бастамаларын қамтитын экономика салаларында 16 келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен «Buta Group» компаниясы арасында білім беру жобасын іске асыру туралы меморандум жасалды.
Жоба шеңберінде Зайсан ауданындағы Сауыр жалпы білім беретін мектебінің базасында «Гейдар Әлиев атындағы оқу кабинетін ашу» көзделген. Оған мыналар кіреді: оқу кабинетін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, аталған мектеп оқушыларына академиялық үлгерімді және халықаралық алмасуды ынталандыру мақсатында гранттық бағдарламалар бөлу, Қазақстан мен Әзербайжан мектептері арасында мұғалімдер мен оқушылар алмасу бағдарламаларын дамыту, екі ел арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды тереңдету.
Аталған бастама Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы білім беру байланыстарын дамытуға және серіктестік қатынастарды нығайтуға деген өзара ұмтылысты айқын көрсетеді.
Пікірлер