28-30 қазан аралығында ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші, яғни облыстық кезеңі өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Олимпиаданың мақсаты – ауылдағы мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін анықтау, қолдау үшін оңтайлы жағдай жасау, академиялық қабілетті оқушыларды іріктеу, олардың одан әрі зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануы.
Жалпы олимпиада төрт кезең бойынша ұйымдастырылады: мектепішілік, аудандық (қалалық), облыстық және республикалық.
Облыстық кезеңге жаратылыстану-математикалық бағыт (математика, физика, химия, биология, информатика, география) пен қоғамдық-гуманитарлық бағыт (қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, орыс тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі) бойынша 700-ден аса оқушы қатысуда.
Білім бәйгесінің ашықтығы мен академиялық адалдығын сақтау мақсатында Youtube арнасында онлайн трансляция жүргізілуде.
Олимпиада нәтижелері www.shygysdaryn.kz сайтында жарияланады. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға дипломдар, қатысушыларға сертификаттар беріледі.
Пікірлер