
ШҚО-да рухты көтерген Республика күні ауқымды деңгейде атап өтілді
25 қазан – егемен елдің еңсесін тіктеп, тәуелсіздік туын биік көтерген тарихи сәттің символы. Бұл – тек мереке емес, елдің рухын, халықтың жүрегіндегі патриотизм отын тұтататын күн. Биыл аталған мерекені шығысқазақстандықтар ерекше рухпен, шат көңілмен қарсы алды. Әр қала мен ауылда көк ту желбіреді, алаңдарда ән мен күй әуелеп, халық жүрегін бірлік пен мақтаныш сезімі тербетті. Бұл күні облыстың түкпір-түкпірінде түрлі мәдени іс-шаралар, көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Осылайша, ел шығысында Республика күні кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Домбыра шерткендер 100-ден асты
Облыс орталығындағы іс-шаралар легі бірнеше күн бұрын басталып кетті. Оның кейбірі өскелең ұрпақты патриоттыққа, елін құрметтеп, тәрбиелеуге бағытталған.
Өскемендегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында домбырашылар флешмобын ұйымдастырды. 100-ден астам оқушы домбыра үнімен күй өнерінің көркемдігін паш етті. Жиналған жұрт назарына «Тепең-көк», «Жастар биі», «Нәр ағашы» сынды халық күйлері ұсынылды.
Мереке қарсаңында патриоттық рухты асқақтату үшін «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Менің елім – менің туым» акциясы өтті. Белсенді жастар мен депутаттар қаладағы тұрғын үйлерге Ту іліп, азаматтарды мерекемен құттықтады.
«Айтыстың Ақтаңгері» атағын алды
Республика күні қарсаңында облыс дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды. 24 қазанда Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың қатысуымен өткен жиынға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар, ірі кәсіпорындардың өкілдері келді. Шаһар басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Республика күні – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманының орындалуы. Тәуелсіздік – ең қымбат қазына. Оны сақтап тұрған қос құндылығымыз – татулық пен тұрақтылық. Республика күні тек мереке емес, өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа бағдар жасайтын жауапты күн. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қаламыздың бүгіні бақытты, болашағы жарқын болуы үшін аянбай қызмет етіп жүрген жерлестерімізге алғысымды білдіремін! Еліміз аман, жұрымыз тыныш болсын! – деді Алмат Ақышов.
Шаһар басшысы бірқатар азаматқа қала дамуына қосқан үлесі үшін төсбелгілер мен алғыс хаттар табыстап, құрмет көрсетті.
Бұдан бөлек, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов салтанатты жиын өткізіп, өңірдегі біршама азаматқа мемлекеттік наградаларды табыстады.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн тәуелсіздігіміздің символы, азаттық пен елдіктің бастауы. Біз үшін атадан қалған азаттықтан асқан бақыт та, байлық та жоқ. «Бетеге кетсе – бел қалар, бектер кетсе – ел қалар, берекең кетсе, нең қалар» деген дана сөз әрқайсымыздың санамызда сәуле болып тұрса, ұлтымыздың өмір бәйгесіндегі орны да биік болмақ, – деді аймақ басшысы.
Президент жарлығымен «Құрмет» орденімен алты азамат марапатталды. Олардың қатарында ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ерлан Текешов, Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов, Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы бар. «Еңбек Даңқы» III дәрежелі ордені «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС бас директоры Владимир Аксеновке табысталды. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен он азамат, ал «Шапағат» медалімен Шығыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев марапатталды.
Дәл осы күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Менің Қазақстаным» атты мерекелік кеш өтті. Салтанатты жиында өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Осыдан 35 жыл бұрын 25 қазанда еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған еді. Бұл күн – Қазақстанның азаттық жолындағы жеңісін дәріптейтін айрықша дата. Бүгінде еліміз саяси және экономикалық тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Мұның бәрі халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Адал еңбек еткен адам құрметке лайық» деп атап өтті. Сондықтан береке мен бірлікті сақтап, ел дамуына үлес қосу – әр азаматтың борышы, – деді облыс әкімі.
Мерекелік жиын барысында жазушы, ақын ШҚО Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бұдан бөлек, шығысқазақстандықтарға «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», «Алғыс» төсбелгілері табысталды.
«Айтыстың Ақтаңгері» деген атағы ел бойынша тек 9 ақынға берілген. Оның ішінде қос шығысқазақстандық Серік Құсанбаев пен Серік Қуанған бар. Астанада өткен республикалық айтыста үздік атанған Серік Қуанғанұлына облыс жұрты атынан темір тұлпар сыйға тартылды, ал Серік Құсанбаевқа 2 млн теңге табысталды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының бас бапкері Қайрат Сатжановқа автокөлік кілті берілді.
Спорттағы серпіліс
25 қазан күні облыс орталығындағы Тәуелсіздік монументінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Бұдан соң жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант қабылдады. Аймақ басшысы оларға қызметтік куәліктерін табыстады.
Мерекелік іс-шаралар легі қаланың түрлі жерлерінде жалғасты. Өнер мұражайында суретшілердің көрме-байқауы, Арбатта Шығыс Қазақстанның көркем жерлерінің фотокөрмесі, Қ.Қайсенов атындағы этносаябақта «Бірлігі жарасқан Қазақстан» мерекелік іс-шарасы өтті. «Оқырман трамвайында» «Отаныңның орны жүректе» акциясы, тарихи-өлкетану мұражайында «Күмістің сиқыры мен жарқылы» көрмесі, «Император» сауда үйінде «Қыран елім – Қазақстан!» мәдени-мерекелік бағдарламасы, «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің «Мәңгілік жаса туған елім!» концерті ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, «MAXI MALL» сауда-ойын-сауық орталығында «Елімнің еркін рухы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Оған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен шаһар басшысы Алмат Ақышов қатысты. Қала өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашып, өскемендіктерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Естеріңізге сала кетейік, 24 қазанда Өскеменнің «Алтай» футбол клубы шымкенттік «Оңтүстік» командасын 4:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде 3 орынға жайғасты. Осылайша, алтайлықтар Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған үш клубтың бірі атанды.
Нұрымбет Сақтағанов клуб ұжымын тарихи жетістігімен құттықтап, футболшылар мен жаттықтырушыларға бірінші лиганың қола медалін табыстады.
– 2023 жылы өңірде спорт саласын реформалауды бастаған едік. Сөйтіп, «Алтай» футбол клубы құрылды. Былтыр біздің команда Екінші лигадан Бірінші лигаға өтсе, биыл Премьер-лигаға жолдама алып отыр. Бұл нәтиже клуб басшылығының, бапкерлік құрамның, ойыншылардың еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында тіркелді, – дедi облыс әкімі.
Сондай-ақ ол Өскеменде жабық футбол стадионының құрылысы басталатынын жеткізді. УЕФА-ның үшінші категориясына жататын стадион тек «Астана», «Қайрат» футбол клубтарын ғана емес, Еуропаның үздік командаларын да қабылдай алатын болады.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
 
    Руханият
 
    Жұлдыз жорамал
 
     
            
Пікірлер