
“Газ келді” деген бос ұран ба: Зайсандағы газ мәселесі әлі де ушығып тұр
Зайсан ауданы – табиғаты көркем, тарихы терең, мәдениеті бай өлке. Алайда бүгінде осы сұлу өңірдің кей ауылдары өркениет игілігінен шет қалып, әлі күнге дейін отын мен көмір жағып, түтінге тұншыққан күйде отыр. XXI ғасырда ауыл тұрғындарының қолдарына балта алып, қыстың қамын ерте ойлайтыны – ауыл мен қала арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің айқын көрінісі іспетті. Зайсан ауданының жалпы тұрғындар саны – 35 645 адам. Ал осы тұрғындардың барлығы бірдей табиғи газдың жылуын сезініп отырған жоқ. Осы және басқа да сауалдардың жауабын білу мақсатында біз Зайсан ауданы әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған болатынбыз, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әкімдер әкелген әлек
Аудан әкімдігі бөліскен ресми жауапқа сүйенсек, қазір Зайсан ауданы тұрғындарының 70 пайызы ғана газға қосылған. Бұл қаладан бөлек, тағы 9 ауылдың көгілдір отынға қосылғанын білдіреді. Ал қалған 23 елді мекенде газ құбыры әлі тартылмаған. Мәселенің басты себебі аудан бойынша газ қорының аздығы.
– Зайсан ауданын толықтай газбен қамту газ қорының жеткіліктілігіне байланысты жүзеге асырылады. Газ тарту жұмыстары мемлекеттік сатып алу порталы арқылы мердігер компанияны анықтау арқылы жүргізіледі, – делінген әкімдік жауабында.
Аудан әкімдігі «заңдылыққа сәйкес барлық талап қатаң бақылауда» екенін атап өтті. Ал газға қосылу бағасы аудан бойынша әр үйге жеке есептеледі. Бұл, әсіресе, тұрмысы төмен отбасылар үшін үлкен салмақ. Әлеуметтік осал топтарға, соның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, газға қосылу немесе газ пайдалану шығындарын азайту бойынша ешқандай жеңілдіктер мен жәрдемдер қарастырылмаған. Бұл – өңірде әлеуметтік теңсіздік пен тұрмыс айырмашылығының бар екенін айғақтайды. Бір ауылда тұрғындар көгілдір отынның пайдасын көріп отырса, көрші ауылдың адамдары қыстың қақаған аязында отын арқалап әкеліп, пешке нығыздайды.
2024 жылы Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров газ мәселесіне қатысты ашық пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, кей ауылдарға газ құбыры бұрынғы әкімдердің асығыс шешімімен тартылуы себепті жұмыс толық жүзеге аспаған.
– Ашылу салтанаты дүрбелеңге ұласты. Бұрынғы әкімдер “ауылға газ келді, газ тартылады” деп жарнамалай берді. Бірақ бұл шала қабылданған шешім салдары. Құбырлар тартылды, бірақ газ келмеді. Олардың әрекеті пиарға көбірек ұқсап кетті, – деді Еркебұлан Зағыпаров.
Зайсан аудандық әкімдігі ұсынған мәліметке сәйкес, үйдегі газ қысымының төмендеуі немесе тоқтап қалу жағдайы тіркелмеген. Мұндай жағдай болған жағдайда жауапты мекеме – «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ.
– Ал аудан ауылдарын толықтай газбен қамту үшін облыстық және республикалық деңгейде қолдау көрсетіліп, тиісті бюджеттік өтінімдер беріліп отыр. Аталған жұмыстарды “Тарбағатай-мұнай” мекемесі жүзеге асырады, – делінген аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әли Жұмағалиев.
«Қарттар көшіп жатыр»
Айта кету керек, 2023 жылы облыстың экс+әкімі Ермек Көшербаев аудандарға жасаған сапарында Зайсан ауданына барған болатын. Тұрғындар аудандық Мәдениет үйіне жиналып, көкейде тұрған сауалдарын өңір басшысының өзіне қойған. Сонда Ермек Көшербаев өз сөзіңде Президент тапсырмасына сәйкес ресейлік серіктестермен бірлесе, жоспар құрылып жатқанын мәлімдеген болатын.
– Егер Ресей Қазақстан арқылы Қытайға құбыр тартса, онда шығысқа да тартылатын түрі бар. Келіссөздер жүріп жатыр, – деген еді.
Бірақ бұл мәселе Ресей тұрмақ, Қытай Қазақстанға құбыр тартса да, өзгеріссіз қалған. Осы тұрғыда Зайсан ауданының тұғыны Әлия Мақсатқызы да газ мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, кей ауылдар мен көшелерде газ тарту жұмысы толық аяқталмаған. Бұл жағдай әсіресе, қыс мезгіліне ерте қамданатын ауыл жұртына қиындық тудырып отыр.
– Өзім Зайсанда тұрамын. Зайсанда газ толық орнатылған шығар деп ойлаймыз. Бірақ ауданның өз ішінде де газ тартылмаған көшелер бар деген күдік ұялайды. Қазіргі заманда кім отын сатып алып, оны аязды күндері үй арасына тасып, жағып отырады дейсің? Өзімнің туған жерім болса да, алдымен сол жердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасалуы керек деп ойлаймын. Алдымызда қыс келе жатыр. Жыл сайын қайталанатын осы «дәстүрдің» тағы да жалғасқанын қаламаймын. Бірақ амал жоқ, – дейді Зайсан тұрғыны.
Көкжыра ауылында тұратын тағы бір тұрғынның айтуынша, газ мәселесі шешілмей келе жатқанына бірнеше жыл болған. Бұл жағдай егде жастағы адамдарды басқа жаққа көшуге итермелеуде.
– Біздің ауылда газ жоқ. Сондықтан кешіктірмей тартылуын қатты қалаймыз. Газ болмауы кесірінен ауылдағы үлкен кісілер көшуге мәжбүр. Басқа жаққа қоныс аударудың басты себебі сол, орындалмаған уәделер. Қариялар “енді шамамыз жоқ, жайлы ортада өмір сүргіміз келеді” дейді, – деді Көкжыра ауылының тұрғыны Гүлмира Асқарқызы (аты-жөні өзгертілген).
Оның айтуынша, бұған дейін ауылда бірнеше рет жиналыс өткен. Сол жиындардың бірінде Зайсан ауданы әкімінің өкілдері газ көлемінің аздығын алға тартқан.
– Сол кезде әкімнің көмекшісі “газ қоры бірнеше жылға жетеді деген қағазды көрсетіп, “жақында газ тартылады” деп бірнеше рет уәде берген болатын. Бірақ жыл сайын сол уәде қайталана береді. “Әні-міне” деп жұртты үміттендіргенмен, нәтиже жоқ. Дайыр ауылына дейін газ құбырларын қаза бастағанымен, соңында газ не Дайырға, не Көкжыраға жетпеді, – деді ол.
Зайсан өңіріндегі газ мәселесі жыл сайын айтылып, шешімін таппай келе жатқан түйткілдердің бірі болып қалуда. «Газ келді» деген ұранның артында уәде көп, бірақ нәтиже аз. Қыс жақындаған сайын тұрғындар тағы да “биыл жылу бола ма?” деген үміт пен күдік қаймалаған сұрақтарын қояды. Түйіні тарқамай келе жатқан бұл мәселе шешілмейінше, Зайсанның кей ауылдары үшін өркениет оты әлі де алыста болары анық.
Ұлжан СЕЙІТХАНОВА
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
 
    {calendar}
 
             
     
    
Пікірлер