A+ A A-

talgatzhan 31 Кеше, 10:10 0

Аудан жұрты азаймапты: Марқакөл ауданына биыл 8 отбасы көшіп келді

Бүгін / Марқакол

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Рүстембек Кемешев мәлімдеді. Ол көші-қон тақырыбынан бөлек, құрылыс, өнеркәсіп саласында өзгерістер бар екенін айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Казанда біткен құрылыс

Әкімнің айтуынша, көші-қон жоспары 112 пайызға орындалған.

– Оңтүстік өңірлерден қоныс аудару жұмысы белсенді жүріп жатыр. Ақбұлақ ауылына – 4 отбасы, Марқакөл ауылына – 1, Қалжырға – 2, ал Қазақстан ауылына – 1 отбасы көшіп келді. Қоныс аударушылардың барлығы бір реттік көшуге арналған субсидия алды, – деді аудан басшысы.

Рүстембек Кемешевтің айтуынша, Марқакөл ауданына көшіп келуге ниетті азаматтар саны артып келеді. Алайда тұрғын үй мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Осы мақсатта 2025 жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен көп балалы және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 5 жеке үй немесе 10 пәтер салу жоспарланған.

Жыл басында мердігер ұйымдармен тұрғын үй құрылысы мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша меморандумдар жасалған. Қазан айында 4 пәтердің құрылысы аяқталып, бүгінде бұл үйлерді Отбасы банк арқылы кезекте тұрған (89 адам, оның ішінде 17-сі – көп балалы отбасы) азаматтарға бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар аудан орталығындағы 1978 жылы салынған 6 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырлары күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстарға 207 млн теңге бөлінген. Оның ішінде екі 16 пәтерлі екі қабатты және төрт 24 пәтерлі үш қабатты үйлер бар.

2026 жылы әлеуметтік осал топтар мен мемлекеттік қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында екі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Соның бірі – Марқакөл ауылында 34 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үй салу, екіншісі – 24 пәтерлі 3 қабатты тұрғын үйді қайта жаңарту жобасы.

Ресми ақпарға сенсек, удан экономикасының барлық негізгі саласында оң динамика байқалуда. Биыл өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 9,9 млрд теңгеге жеткен. Өңдеу өнеркәсібінде өсім 109,9 пайыз, ал ауыл шаруашылығы саласында 10,4 пайыз өсім байқалып, жалпы өнім көлемі 7,1 млрд теңгені құраған.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі жоба жүзеге асырылды. «Рахат Туризм» демалыс орнын қайта жаңғыртты, ал «Айсаб» серіктестігі Ақжайлауда 8 киіз үйден тұратын этноауыл салды. Сондай-ақ Урунхайка ауылында 6 глемпинг үйі ашылды. Жақында «Aila Tau» ЖШС-мен марал шаруашылығына бағытталған сауықтыру кешенін ашу туралы келісім жасалды, – деді аудан әкімі.

Білім саласында 21 білім беру нысаны жұмыс істейді. 868 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Биыл Игілік ауылында 50 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қайнарлы мен Төсқайың ауылдарында жаңа мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр.

 

Жұмыспен қамтылған жұрт

2025 жылы ауданда 467 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, бұл көрсеткіштің орындалуы 106 пайызға жеткен. Марқакөл ауылында су жинау құрылыстары мен су құбыры желілерін қайта жаңарту жобасы қолға алынған. Жоба аясында екі ұңғыма бұрғыланып, жерасты су жинау құрылысы салынды. Сонымен қатар екі таза су резервуары орнатылып, жалпы ұзындығы: 180 мм диаметрлі – 1 390 метр су құбыры, 160 мм диаметрлі – 1 369 метр магистральдық су құбыры желісі, 110 мм диаметрлі – 6 936 метр су желісі тартылды, 71 құдық орнатылды.

– Бұл жоба ауыл тұрғындарының сапалы ауызсуға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазір абоненттерге апаратын 140 және 110 миллиметрлік магистральдық желілерді тарту, сондай-ақ екінші көтеру сорғы станцияларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жұмыстар аяқталған соң ауыл халқының су мәселесі түбегейлі шешілетін болады, – деді аудан әкімі Рүстембек Кемешев.

Биыл аудан көлемінде абаттандыру жұмыстарына 611,2 млн теңге бөлініп, 17 жоба жүзеге асырылып жатыр.

– Тұрғындарға жайлы өмір сүру жағдайын жасау – біздің басты міндетіміз. Осы мақсатта елді мекендердің келбетін жақсартуға бағытталған бірқатар жобалар қолға алынды, – деді аудан басшысы.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив