Қазақстанда биыл шамамен 40 мың адам инсульт алып, соның бес мыңға жуығы көз жұмған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. 
Денсаулық сақтау министрлігінің деректері өлім-жітім деңгейі соңғы уақытта едәуір төмендегенін көрсетіп отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, инсульт көбіне 60 жастан асқан адамдар арасында жиі кездеседі. Олардың басым бөлігі қан қысымы, жүрек ауруы мен қант диабеті бойынша диспансерлік есепте тұрғандар. Мамандар бұл дерттің алдын алу үшін өмір салтын жақсартып, дұрыс тамақтануға және қозғалысты көбейтуге шақырады.
- Күн сайын тұз бен қантты шамадан тыс пайдаланудан бас тартқан жөн. Қозғалысты көбейтіп, дене жаттығуларын тұрақты түрде орындау – инсульттің алдын алудың ең тиімді жолы. Сондай-ақ жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіп, скринингке қатысу маңызды. Бұл дертті ерте кезеңде анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді, – дейді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы жанындағы республикалық инсульт мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығының басшысының міндетін атқарушы Жанел Бәкірова.
Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, қазіргі кезде инсульт дерті едәуір «жасарып» барады. Бұл ең алдымен адамдардың аз қимылдауымен және профилактикалық тексерулерге немқұрайлы қарауымен байланысты.
- Көптеген науқас жыл сайын өтуі тиіс жоспарлы медициналық қаралудан өтпей, дерттің алдын алу мүмкіндігін жіберіп алады. Геморрагиялық инсульт – яғни миға қан құйылуы – көбіне туа біткен қан тамырларының аномалиясынан туындайды. Мұндай ауытқуларды ерте анықтау үшін МРТ немесе КТ ангиография секілді зерттеулерден уақытылы өту аса маңызды. Уақтылы дәрігерге қаралып, қажетті тексерістер жасалса, аурудың алдын алуға әбден болады, - деп атап өтті дәрігер.
Мамандардың пайымынша, 55 жастан асқан адамдарда ми қан айналымының бұзылыстары екі есе жиі кездеседі. Дегенмен соңғы жылдары 20–25 жас аралығындағы жастар арасында да инсульт жағдайлары жиілеп отыр.
Пікірлер