Өңірде бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды қолдауға және бейімдеуге бағытталған «Жаңа жол» профилактикалық акциясы жалғасуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның басты мақсаты – адамдарға жаңа өмір бастауға, қоғамға қайта оралуға және заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеуге көмектесу.
Полицейлер жұмыспен қамту, медициналық және психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударуда. Олар жұмыс берушілермен және медицина саласының мамандарымен қажетті құжаттарды рәсімдеуге, тексеруден өтуге және кеңес алуға жәрдемдеседі.
Мәселен, Шемонаиха ауданындағы учаскелік инспектор, полиция майоры Болат Мусин бұрын сотталған азаматқа сантехник болып жұмысқа орналасуға көмектескен. Енді ол ер адаммен тұрақты байланыста болып, оның бейімделуіне жәрдемдесіп, түзелу жолында нық қадам басуына қолдау көрсетеді.
Жыл басынан бері ауданда учаскелік инспекторлардың қолдауымен бас бостандығынан айыру орындарынан оралған үш азамат жұмысқа орналастырылған.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары профилактикалық әңгімелер өткізіп, алкоголь мен психобелсенді заттардың зиянын түсіндіруде. Салауатты өмір салтын ұстанудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын еске салады.
«Жаңа жол» акциясы барысында тәртіп сақшылары профилактикалық есепте тұрған азаматтарға да қолдау көрсетуде. 
Пікірлер