Бүгін қала әкімі Алмат Ақышов жаңадан әкелінген қоғамдық көліктердің сапасымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
“РОСТ” көлік компаниясы сатып алған 20 автобустың әрбірінде 26 орын бар, жалпы 102 адамға дейін тасымалдай алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де тиісті жағдай қарастырылған.
- Шаһардағы өзекті мәселелердің бірі - жолаушыларды тасымалдау. Облыс әкімінің нақты тапсырмасын орындау мақсатында автобус паркін жаңартып жатырмыз. Бүгін әкелінген қоғамдық көліктердің сапасы жақсы. Мұның барлығы халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр, - деді Алмат Ақышов.
Автобустардың сыртына арнайы қала логотипі салыныпты. Іші кең қоғамдық көлік ішінде жылытқыш қондырғы, шығарындыларды азайтуға арналған сүзгі мен “ONAY” жүйесі орнатылған.
Қала әкімінің сөзінше, қазір автобус паркіндегі қоғамдық көліктердің 60%-дан астамы жаңартылды. Дегенмен бұл жұмыстарды аяқтау үшін әлі бірнеше жыл қажет. Ал жаңа автобустар алдағы 2-3 күнде желіге шығады деп күтілуде.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер