Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Bastau» түзету мектебі қазан айында ашылды. Аталған білім беру ұйымы «Даму» қорының несиелік қаржыландыруы арқасында іске қосылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жаңа мектеп аутизм спектрінің бұзылуы, балалардың сал ауруы және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларды оқытуға бейімделген. Оқу орны 108 балаға арналған.
– Біз диагнозы ауыр балалармен жұмыс істейміз. Қазір орталыққа 70-ке жуық бала келеді. Мұнда 15 арнайы маман қызмет етеді. Олардың қатарында дефектолог, логопед және психологтар бар. Барлығы да заманауи әдістемелер бойынша даярланған. Біздің ұйымның тәжірибесі мол – 8 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тағы бір түзету орталығымыз бар, – деді «Bastau» түзету мектебінің директоры Лилия Мамбурова.
Мектеп күні бойы балаларды бейімделген жалпы білім беру бағдарламалары бойынша оқытады. Сонымен қатар, оқушылар логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру мамандарымен жеке сабақтарға қатысады.
– Бізде балалар үшін шығармашылық үйірмелер мен спорт секциялары да қарастырылған. Барлық оқу және оңалту қызметтері тегін көрсетіледі. Бұл мектеп жүздеген отбасыға үміт сыйлап, ерекше қажеттіліктері бар балаларға жаңа мүмкіндіктер есігін ашты, – деп толықтырды мектеп директоры.
Айта кетейік, 2024 жылы «Bastau» мектебі «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы коммерциялық жылжымайтын мүлік сатып алу үшін қаржыландырылды. Ал жоба «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында «Даму» қоры кепілдігімен іске асырылды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Пікірлер