Облыс орталығында қыс мезгілінде қар тазалау үшін 67 техника бар. Мәселені шешу үшін қала әкімдігі қосымша қаржы көздерін іздемек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұдан бөлек, әр аумақтық басқару бөлімшесіне бір-бір техникадан бөлінбек. Бұл қар тазалау жұмыстарын шұғыл атқаруға мүмкіндік береді. Ал коммуналдық қызметтер орталық көшелерді тазалауға жауапты болады.
– Өскемен аумағы 500 шаршы шақырымнан асады. Ал тазалық жұмыстарына 3 млрд теңгеден сәл асатын қаражат бөлінген. Өскеменнен екі есе кіші Қостанайға 5 млрд теңге бөлінеді. Бір мотосағатқа төленетін тариф 2018 жылдан бері өзгермеген. Сол себепті мердігерлер мұндай бағаға жұмыс істеуге қызығушылық танытпайды, өйткені табыс жоқ, - деді қала әкімі Алмат Ақышов. 
Сондай-ақ ол мердігерлерді тартып, олардан қардың қалыптан тыс көп түсуіне жедел әрекет етуді сұрайтынын жеткізді. 
- Тұрғындар аса ұната бермейтін реагенттер мәселесін де қарастырып жатырмыз. Ол адамдарға зиян келтіру үшін емес, жол қауіпсіздігін сақтау үшін қолданылады. Технологтарсыз мұндай шешім қабылданбайды. Реагенттер болмаса, жолда мұз көбейеді. Сондықтан бұл шаралар көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін қолға алынуда, - деді шаһар басшысы.
Пікірлер