Бүгін облыс орталығындағы «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық кешенінде ұйымдастырылған «Халық заңгері» республикалық акциясы аясында азаматтар заң саласының мамандарынан тегін кеңес алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Халық заңгері» – Қазақстанның барлық өңірінде бір уақытта басталған республикалық акция.
Оның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, өзекті мәселелерді шешу және тегін көмек көрсету.
Іс-шараның ұйымдастырушылары қатарында ҚР Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, мемлекеттік билік органдары, Zakon.kz желілік басылымы, Параграф ақпараттық жүйесі, Республикалық адвокаттар алқасы және жетекші заңгерлер мен адвокаттар бар.
ШҚО Прокуратурасы 3-ші басқармасының бастығы Жандос Қоңыровтың айтуынша, биыл бұл акция 10-шы мәрте өтті.
– Бастапқыда акцияға заңгерлер мен адвокаттар ғана қатысатын. Уақыт өте келе іс-шараның маңызы артып, Бас прокуратураның, әкімдіктердің, Әділет министрлігінің өкілдері, жеке сот орындаушылары, нотаруистар, медиаторлар мен басқа да мамандар қосылды. Жалпы жұмысты екі бағытта жүргіземіз. Азаматтарға заң нормаларын түсіндіріп, арыз-шағымдарын заңмен көзделген уақыт аясында қарастырамыз. Әр мәселені назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, - деді Жандос Қоңыров.
Айта кетейік, 2016-2025 жылдар аралығында «Халық заңгері» акциясына 10 мыңнан астам кәсіби сарапшы мен мемлекеттік органдардың өкілі қатысты. 400 мыңнан астам адам құқықтық көмек алды.
Пікірлер