Бүгін облыс орталығындағы төрт ірі сауда орнында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін таза әрі табиғи өнім түрлерін тиімді бағада сатып алуға мүмкіндік туды. Мұндай шаралар жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімін тікелей тұтынушыға ұсынуға және бағаның тұрақтануына септігін тигізеді.
“Алтай” көтерме-бөлшек сауда орталығы аумағында өткен жәрмеңкеге Үлкен Нарын ауданына қарасты алты ауылдық округтің өкілдері қатысты. Кәсіпкерлер жәрмеңкеге бір тоннадан астам жылқы, екі тоннадан астам сиыр және 500 келі қой етін алып келді. Сондай-ақ өскемендіктерге бал, пантоөнімдер, қымыз және басқа да табиғи тауарлар ұсынылды.
Бұдан бөлек, сенбілік жәрмеңкелер “ДосНар”, Жібек маталар комбинаты ауданындағы “Керуен” сауда үйлерінің алаңы мен Защита ауданындағы Теміржолшылар саябағында ұйымдастырылды. Онда да тұрғындарға жергілікті фермерлердің сүт, ет, көкөніс және жеміс-жидек өнімдері сатылымға шығарылды.
Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер – өңірде азық-түлік бағасын реттеуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдауға бағытталған дәстүрлі шаралардың бірі.
Пікірлер