A+ A A-

talgatzhan 30 Кеше, 19:30 0

Өскеменде «Жарыққа қарай» әлеуметтік драмасы көрерменге жол тартты

Бүгін / Өскемен

1 қараша күні облыстық Драма және оперетта театрында көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлының шығармасы негізінде дайындалған «Жарыққа қарай» атты жаңа әлеуметтік драманың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қойылым желісі жазушының «Көкперінің кердеңі» атты философиялық туындысынан алынған. Шығармада қазіргі қоғамдағы моральдық құндылықтардың әлсіреуі, адамның өз болмысынан алыстауы және діндегі өзекті мәселелер көрініс тапқан. Премьера барысында ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, жазушының қазақ әдебиетіне қосқан еңбегін жоғары бағалады.

– Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, шығысқазақстандық Дидахмет Әшімханұлы туған елінің абыройын асқақтатып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. Біз осындай жерлестерімізбен мақтанамыз. Оның әр шығармасында ұлттық болмыстың, адамгершіліктің терең белгілері бар. Оның туындылары бүкіл қазақ елінің қазынасы. Біз бүгінгі премьераны арнайы осы қаламгердің құрметіне қойып отырмыз. Баршаңызға келгендеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деді ол.

Шараға жазушының жары мен ұлы Дәулет Дидахметұлы да қатысып, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

- Жалпы мемлекеттің төрт діңгегі болады ғой. Біріншісі – жер, екіншісі – тілі, үшіншісі – салт-дәстүрі, төртіншісі – діні. Әкем осы төрт діңгектің әрқайсысына шығармашылығын арнады. Жер туралы – «Жер аңсаған Сарытау», тілге – «Тас қала», дәстүрге – «Сары самауыр», ал дінге байланысты «Көкперінің кердеңі» атты шығармасын оқырманға ұсынды. Бұл пьесаны әкем өмірінің соңында жазған еді. Осы туындының сахнаға жол тартуын біз 10 жыл күттік. Сол еңбектің нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Мұны жүзеге асыруға қолдау білдірген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановқа және облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасеновке алғыс айтамын, – деді ол.

Авторлық бейімдеумен сахналанған драма заманауи сценографиямен безендіріліп, актерлердің шынайы ойыны арқылы терең психологиялық әсер сыйлады. «Жарыққа қарай» тек қойылым ғана емес, ішкі рухани күресті, үнсіз шындықты сахна тілімен жеткізген ерекше туынды ретінде бағаланды. Премьераға келген көрермендер шығармашылық ұжымның еңбегіне жоғары баға беріп, көтерілген тақырыптың өзектілігін атап өтті.
- Расымен өте өзекті мәселені көтеріп отыр. Діндегі теріс ағымға түскен жастарымыз көп, соларға сабақ болсын. Бүгін міне, Дидахмет Әшімханұлының керемет шығармашылық еңбегінің жемісін көріп отырмыз, - деді қала тұрғыны Сәуле Ниязбекова.

Айта кетейік, театр көрермендері алдағы уақытта да осындай мазмұнды, терең мәнді қойылымдарды тамашалай алады.

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив