5–8 қараша аралығында облыс орталығындағы Б.Александров атындағы Спорт сарайында хоккейден әйелдер арасындағы Азия чемпионаты ұйымдастырылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Турнир Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) аясында Қазақстан хоккей федерациясы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Торпедо» хоккей клубының ұйымдастыруымен өтеді. Бұл – елде соңғы тоғыз жылда өткізілетін алғашқы халықаралық әйелдер турнирі.
Чемпион атағы үшін Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея құрамалары сынға түседі. Өткен жылы Қытайда өткен алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлде иеленген болатын. Биыл ақпанда өткен Азия ойындарында қазақстандық хоккейшілер Қытай мен Корея құрамаларын жеңіп, күміс медальға қол жеткізді. Ал алтын жүлде Жапония құрамасына бұйырды. Олар Азиядағы ең мықты команда саналады, бұған дейін өткен олимпиадалық іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, 2026 жылы Миланда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған еді.
IIHF әйелдер рейтингінде Жапония – 7-орында, Қытай – 12-орында, Корея – 18-орында, ал Қазақстан – 22-орында (2024 жылғы сәуірдегі дерек).
Ойын кестесі:
5 қараша
16:00 — Қытай vs Корея
19:30 — Қазақстан vs Жапония
7 қараша
14:00 — Жапония vs Корея
17:30 — Қытай vs Қазақстан
8 қараша
14:00 — Жапония vs Қытай
17:30 — Корея vs Қазақстан
Жанкүйерлер үшін кіру тегін.
Пікірлер