A+ A A-

talgatzhan 55 12-10-2024, 09:32 0

Өскеменге Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының өнерпаздары келді

Бүгін / ШҚО / Катонқарағай / Үлкен Нарын

11 қазан күні Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының залында Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының қатысуымен гала концерт өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Мәдени шара дәстүрге айналған «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылды. Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дюсембаевтың айтуынша, екі елді мекен де ерекше дайындықпен келген.

- Аталған жоба аясында ауқымды концерттік бағдарлама өткізіп отырмыз. Мұнымен шектеліп қалмай, аудан атынан «Үміт» балалар үйіне қайырымдылық мақсатында барып қайттық. Тәрбиеленушілерге өзімізден шығатын өнімдерді табыс еттік, - дейді ол.

Ал жаңадан бой көтерген Үлкен Нарын ауданының басшысы Елдос Байрахметов бұл жоба өңірдегі өнерпаздар санының артуына үлес қосады дейді.

- Өздеріңіз білетіндей, былтыр Мемлекет басшысының жарлығымен Үлкен Нарын ауданы құрылды. «Туған жер – алтын бесігім» жобасына биыл алғаш рет қатысып отырмыз. Шараға келушілердің көптігі бізді ерекше қуантты. Оның ішінде аудан тумалары да бар. Жәрмеңкеде де барлық өнімдерімізді тиімді бағада ұсынбақпыз, - деді Елдос Жанболатұлы.

Кеш алдында қала жұрты «Берел» музей-қорығы мен Үлкен Нарын тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері мен ауылшаруашылық өнімдері көрмесін тамашалады. Әсіресе, сүт, қымыз, бал, құрт, балқарағай өнімдері жоғары сұранысқа ие болды. Сондай-ақ қос ауданның қолөнер, бейнелеу өнері шеберлері өз бұйымдарын көпшілікке ұсынды. 5 жылдан бері қолөнермен айналысып келетін Меруерт Тұрысбаеваның пікірінше, жұртшылықтың өнер туындыларына деген қызығушылығы күн санап артуда.

- Өзім құрақ көрпелер тігіп, жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Тапсырыс бойынша заманауи нақыштағы сөмкелерді де тігемін. Көбінесе басқа жақтан келген туристер қызығушылық танытып, бұйымдарымды сатып алып жатады. Бүгінгі көрмеге де ерекше туындыларымды алып келдім, - дейді ол.

Шаһар жұрты түгел жиналған шараға аймақтың құрметті азаматтары да келді.

- «Туған жер – алтын бесігім» жобасы бұрын да ұйымдастырылып тұратын. Соңғы екі жылда қайта жанданды. Бұл – жұртқа керек дүние. Халық ішінен шыққан өнерлілер өздерін облыстық деңгейде көрсетуге барынша тырысады. Өр Алтайдың өнерпаздары басқа өңірлерден артық болмаса, кем түспейді деп санаймын, - деді ШҚО Жазушылар одағының директоры Әлібек Қаңтарбаев.

Ал концерт шымылдығы Катонқарағай ауданының тумасы, белгілі жазушы Қалиқан Ысқақтың монологымен ашылды. Гала концертте аудан атын шығарып жүрген солистер өнерден шашу шашы. Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарының құрама ұлт аспаптар оркестрі, «Мүйіз сырнай» ансамблі, «Нұр қайнар» ерлер вокалдық тобы, «Рябинушка» фольклорлық тобы, «Балауса», «Айдай» би ұжымдары көпшілік қошеметіне бөленді. Ал арнайы шақырылған қонақтар тізімінде эстрада жұлдызы, Катонқарағай ауданының тумасы Айдын Алдархан мен «Х-Factor» жобасының жеңімпазы, Үлкен Нарын ауданынан шыққан Мирас Ерболов та бар.

Ұстаздықты әншілікке алмастырған жерлесіміз Мирас Ерболов шығармашылығындағы жаңалықтарымен де бөлісіп өтті.

- Бүгінгі жобаға мен бала кезімнен бері қатысып келемін. Марқұм Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылғаны әлі есімде. Жыл сайын өнерпаздар үшін үлкен мереке ретінде атап өтілетін. Бүгінгі күні де жалғасын тапқанына өте қуаныштымын. Екі аудан бөлініп шықса да, бәрі бұрынғы қалпында деп ойлаймын. Бізді география бөлгенімен, биография ешқашан бөле алмайды. Жеке өнеріме келетін болсам, қазір Алматыға қоныс аударып, продюсермен жұмыс істеп жатырмын, - деді ол.

Концерттік бағдарлама Раджан Ерболов пен Әмина Раджанқызының орындауындағы «Отан» әнімен аяқталды. Мереке соңында екі аудан өнерпаздарының құрметіне көрермендер атынан  «Ықылас» гүлі табысталды. Кеш қонақтары ерекше әсер алып, туған жерге деген сағыныштарын басып қайтты.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив