Ресми ақпаратқа сенсек, қар көшкіні ықтимал аумақта 93 км автожол және демалыс күндері 3000-нан астам адам келетін туристік нысан бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
“Қазгидромет” мәліметінше, қараша айы өңірде әдеттегіден жылы өтеді. Дегенмен, жиі жауын-шашын, ылғалды қар және боранды күндер күтіледі. Желтоқсан — нормадан суық, қаңтар — шамамен 1°С төмен, ал ақпан — 1°С жылырақ болмақ. Кей күндері жел жылдамдығы 20 м/с дейін жетіп, таяқ тастам жерді көру қиындау мүмкін
Төтенше жағдайлар департаменті аймақтағы қаупі жоғары жерлерге дайындық жүргізіп жатыр. Бүгінде 7865 адамнан тұратын жеке құрам және 913 техника қысқы кезеңде кез келген жағдайға әрекет етуге әзір. Привольное ауылында 7 жылыту пункті мен трассалық құтқару бекеті жұмыс істейді.
Шығыс Қазақстан – көшкін қаупі жоғары өңірлердің бірі саналады. Қар көшкіні ықтимал аумақта 93 км автожол және демалыс күндері 3000-нан астам адам келетін туристік нысан бар.
Бұдан бөлек су айдындарында да қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Облыста 40-тан астам мұзда балық аулау орны бар. Құтқарушылар 110 рейд жүргізіп, 1100 жадынама таратқан. Соған қарамастан, екі адам суға батып кетті. Мамандар мас күйінде немесе мұз толық қатпай тұрып шығуға қатаң тыйым салады.
Айт кетейік, қысқы жол күтіміне де баса назар аударылуда, бұл ретте 957 техника дайындалды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдарға – “ҚАЖсервис” (103 техника), облыстық жолдарға – “ОблШығысЖол” (119 техника), ал аудандық және ауылдық жолдарға – 735 техника жұмылдырылады. Қар басатын учаскелерде (“Өскемен–Тарғын–Самар”, “Теректі–Урунхай–Төсқайың”, “Күршім–Қалжыр”) қарды ұстап қалатын қалқандар орнатылған.
Аймақта қызметтердің дайындығы жақын күндері өтетін “ҚЫС-2025” оқу-жаттығуында тексеріледі. Мамандар тұрғындарға дауылды ескерту кезінде елдімекеннен тыс жерге шықпауды, ал жолға шыққан жағдайда жылы киім, күрек, фонарь, PowerBank, азық-түлік және термосқа ыстық шай құйып алуды ескертеді.
Жолдың жай-күйін “DARMEN” мобильді қосымшасы арқылы немесе мына телефондардан білуге болады:
республикалық жолдар – 26-28-08
Пікірлер