A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 12:55 0

Өскеменде сыбайлас жемқорлыққа қарсы дөңгелек үстел өтті

Бүгін / Өскемен

Бүгін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің мәжіліс залында «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Іс-шара Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен, «Тәуелсіз зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің қолдауымен өтті.

Жиынның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру және қоғам назарын өзекті мәселелерге аудару. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастар арасында адалдық пен әділдік қағидаттарын насихаттап, азаматтық ұстанымды нығайтуға ықпал етеді.

– Бүгін біз жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы қалыптастыру бойынша өзекті сұрақтарды талқыладық. Бұл – осы жылдың қорытынды іс-шараларының бірі. Ашық алаңда тек мемлекеттік орган өкілдері ғана емес, қоғам қайраткерлері де өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандарды да шақырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңызын түсіндірдік, – деді «Тәуелсіз зерттеу орталығы» ҚБ басшысы Жанар Қабидуллақызы.

Кездесу барысында қатысушылар жемқорлықтың қоғам дамуына кері әсері, оның алдын алу жолдары және азаматтық жауапкершілік туралы пікір алмасты. 

Айта кетейік, дөңгелек үстелге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті, ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқармасы, ШҚО Әділет департаменті, қалалық полиция басқармасы, қалалық прокуратураның өкілдері мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив