Бүгін облыс орталығында «Заң мен тәртіп» қағидасы және нашақорлыққа қарсы «Esirtkisiz Shygys» өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылған граффити фестивалі қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған іс-шара ШҚО Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы, Өскемен қаласы әкімдігі және облыстық прокуратураның бастамасымен қолға алынды.
Байқауға 14-35 жас аралығындағы жастар қатысып, есірткімен күрес тақырбында түрлі қабырға суреттерін салды.
- Граффити фестивалінің негізгі мақсаты - жастарды салауатты өмір салтына баулу, жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі - нашарқорлықпен күрестің маңызын түсіндіру. Оқушылар мен студенттер өздерінің креативті идеяларын ұсынып, фестивальге белсене қатысты, - деді Өскемен қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Ербол.
20 қатысушы 4 қоғамдық орынға барып, белгіленген тақырыпқа байланысты қабырға суреттерін салды. Комиссия мүшелері үздік жұмыстарды анықтап, қорытындысын шығарды.
- Фестивальге қатысқан жастардың белсенділігі мен креативтілігі бізді өте қуанытты. Олар маңызды әрі өзекті мәселені жан-жақты көрсетіп, қоғамға насихаттады. Биыл бұл іс-шара облыс бойынша алғаш рет өткізілді. Алдағы уақытта республикалық деңгейде ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мұндай жобалар міндетті түрде қолдау табу керек деп ойлаймын, - деді облыс прокурорының орынбасары Ерлан Бұланбаев.
Байқау жеңімпаздары ақшалай сертификаттар мен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет автордікі
Пікірлер