Өңірдегі жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты экологиялық тексеру нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақта тау-кен өндірісі кең дамығандықтан, экологиялық бақылау - ерекше назарда. ШҚО Экология департаментінің мәліметінше, бүгінде облыс аумағында 484 жер қойнауын пайдалану нысаны тіркелген. Оның ішінде 108 келісімшарт кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге, 306 келісімшарт қатты пайдалы қазбаларға тиесілі. Сонымен қатар 64 кәсіпорын I санатқа жатады, олардың 23-і қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді.
Биыл 10 айда ШҚО Экология департаменті 8 жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде геологиялық барлау және өндіру жұмыстарын экологиялық рұқсатсыз жүргізу, топырақ пен су айдындарын ластау, экологиялық сараптама талаптарын және қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін бұзу фактілері тіркелген.
Нәтижесінде «East Copper» ЖШС, «Altai GeoTechnology» ЖШС, «PROFIT S» ЖШС, «КАСКАД-Н» ЖШС, бірқатар жеке кәсіпкер мен старательдік қызметті рұқсатсыз жүргізген жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұл көлемі 9,7 млн теңге, оның 9,4 млн теңгесі өндірілді.
Айта кетейік, қазір «ВСАМ Продакшн», «Маралиха», «Маралиха Голд» ЖШС-ға қатысты қосымша тексерістер жүргізілуде. Сондай-ақ «ГРК МЛД» және «КОГОДАЙ» кәсіпорындарына профилактикалық бақылау жоспарланған.
Пікірлер