Үкімет отырысында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Халықтың спортпен шұғылдануына тиісті жағдайдың жасалуы Мемлекет басшысының үнемі назарында.
Шығыс Қазақстанда барлығы 1 628 спорт нысаны бар. Оның 439-ы дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы мекеме, 138-і спорт мектебі, ал 1 051-і білім беру ұйымдарының базасындағы спорттық нысан. Бұл мекемелердің 60 пайыздан астамы ауылдарда орналасқан.
Қазір өңір бойынша 8 спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр. Биыл 3 заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, 19 балалар футбол алаңы салынды.
Бұдан бөлек, түрлі бағыттағы спорт нысандарын салу және жобалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. UEFA талаптарына сай III санаттағы жабық футбол стадионының, Республикалық ұлттық теннис академиясының көпфункционалды спорт кешенінің және республикалық маңызы бар спорттық-сауықтыру орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ Риддер мен Зайсан қалаларында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Өскеменде Волейбол орталығын салу бойынша жобалар дайындалған.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 17 спорт бойынша 4,4 мың бала тегін үйірмелерге қатысады. Жалпы облыста 80 спорт түрі дамып келеді. Оның 36-сы олимпиадалық спорт түрі.
Пікірлер