
Қаржы қайда кетіп жатыр? ШҚО-да бюджет қаржысының игерілуі сынға ілікті
29-шы қазанда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс басқармалары және қала, аудан басшыларының қатысумен әкімдік отырысы өтті. Жиында 2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының орындалу барысы, осы жылдың 9 айындағы бюджет қаражатының игерілуі, Өңірлік жұмыспен қамту картасының іске асырылуы қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бақылауға алынған аудандар
Белгілі болғандай, биыл өңірде бюджет қаражатының бір бөлігі толық игерілмеген. Бұл туралы ШҚО Қаржы басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Ахметнабиева мәлімдеді. Аймақ бойынша игерілмеген қаржы көлемі 2,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде облыстық бюджеттен – 1,2 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 1 млрд теңге.
– Облыстық деңгейде қаржының бір бөлігі келісімшарттардың болмауы, конкурстардың кешігуі және тауардың жеткізілмеуіне байланысты игерілмей қалды. Бұл бағыттағы сома 693,5 млн теңге болса, атқарылған жұмыс актілерінің болмауына байланысты тағы 460,3 млн теңге игерілмеген. Ең ірі үлес тұрғын үй сатып алу бағдарламасына тиесілі – 468,6 млн теңге, – деді Меруерт Ахметнабиева.
Сондай-ақ ШҚО Кәсіпкерлікті дамыту басқармасы – 142,9 млн теңге, ШҚО Білім басқармасы – 25,7 млн теңге, Риддер қаласы – 98,5 млн теңге, ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы – 71,6 млн теңге, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы 64,3 млн теңге көлемінде қаржыны толық игере алмаған.
Республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгенің 292,5 млн теңгесі тұрғын үй сатып алуға бағытталғанымен, түрлі себептермен пайдаланылмаған. Бұл қатарда Өскемен қаласы мен Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан, Марқакөл, Алтай аудандары бар. Сондай-ақ 289,8 млн теңге көлеміндегі жұмыс актілерінің болмауына байланысты қаражат аударылмаған. Үкімет резервінен бөлінген 433,5 млн теңге де толық игерілмеген.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан және қала басшыларына бюджет қаражатын сапалы әрі уақтылы игеруді тапсырды. Оның айтуынша, Өскемен қаласы мен Глубокое, Шемонаиха аудандары ерекше бақылауға алынады.
Ал Ұлттық қор қаражатын игермеу қаупі 1,3 млрд теңге көлемінде бағалануда. Бұл соманың басым бөлігі келісімшарттардың кешігуімен байланысты. Мәселен, Өскемен қаласында 913,8 млн теңге игерілмей қалу қаупі бар, оның ішінде 353,8 млн теңге – Жібек жолы көшесіндегі құрылыс жұмыстарына және Алматы тасжолына шығатын жол бөлігіне қатысты. Риддер қаласында 348,2 млн теңге көлеміндегі қаржы Громатуха өзені арқылы өтетін автокөлік көпірін реконструкциялау жобасына байланысты игерілмей қалайын деп тұр.
Балыққа берілген басымдық
Аймақта балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл бұл саланы дамытуға 130,5 млн теңге көлемінде субсидия бөлінген. Белгілі болғандай, балық азығына – 113,5 млн теңге, балық өсіру материалына – 17 млн теңге, шығындардың бір бөлігін өтеуге 7,4 млн теңге бағытталған.
– Өңірде балық өсірумен айналысатын кәсіпорындар белсенді жұмыс жүргізіп келеді. «Шығыс Универсал» ЖШС өз инкубациялық цехінде 1,7 мың дана форель шабағын, «Гранд Фиш» ЖШС 600 мың дана форель шабағын, ал «Ost Fish» ЖШС 250 мың дана бекіре шабағын өсірді, – деді ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаев.
Айта кетейік, 2030 жылға қарай облыс бойынша жыл сайын 9 774 тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Соңғы 4 жылда өңірде 6,2 мың тонна тауарлы балық өсірілген.
Жұмыссыз жүргендер көп пе?
Бүгінде облыста жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрайды. Оның ішінде жастар арасындағы көрсеткіш 3,3%-ға, әйелдер арасында – 4,8%-ға жетті. 2025 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 28 631 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 19 447-сі тұрақты, 9 184-і уақытша жұмыс орны.
– Мемлекет басшысының «10 мың еңбекке қабілетті халыққа 100 жұмыс орнын құру» тапсырмасы аясында 8 379 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген, оның 7 109-ы орындалды. Бұл – жылдық жоспардың 85%-ы орындалғанын білдіреді. Әлеуметтік осал топтардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында 249 грант берілді, ал 386 адам қысқа мерзімді кәсіби оқудан өтті, – деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова.
Дегенмен Өскемен қаласы мен Шемонаиха ауданында жоспардың орындалу көрсеткіші төмен. Атап айтқанда, облыс орталығында бұл көрсеткіш 48%, Шемонаиха ауданында 68% деңгейінде қалып отыр.
Әкімдік отырысының соңында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов аудан және қала әкімдеріне халықты жұмыспен қамту шараларын күшейтуді, Зайсан мен Катонқарағай аудандарында салынып жатқан екі әуежайды білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін «Өскемен әуежайы» АҚ базасында арнайы оқыту ұйымдастыруды тапсырды.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер