
Өскемендегі өзгерістер бойынша қала әкімі нысандарды аралап қайтты
Өткен аптада шаһар басшысы Алмат Ақышов журналистер үшін ұйымдастырған пресс-турда биыл қолға алынған жобалармен таныстырып, жергілікті халық тарапынан түсетін бірқатар сұраққа жауап берді. Кездесу барысында Алмат Талғатұлы осы жылы басталған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың орындалу барысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Әкімнің айтуынша, негізгі мақсат – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мен қала тартымдылығын арттыру, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жүргізушілер жетіспей жатыр
Қала әкімі Алмат Ақышов шаһар жұрты үшін қордаланған мәселелер легін талқылады. Осы ретте ол өскемендіктер жиі шағымданатын қоғамдық көлік мәселесі бойынша жауап берді. Әкімнің айтуынша, автобустар кейде халыққа қолайлы уақытта жүрмей қалады, кейде керісінше.
– Ашығын айту керек, кезінде өзіміз мектепке қатынаған автобустар әлі де жүр. Тұрғындардың айтып жатқан сыны орынды. Автобустар сынып қалып жатады. Қазір «D» санатты автобус жүргізушілерін табу да қиындап кетті. Бірақ биыл тасымалдаушылармен сөйлесіп жатырмыз. Қалаға 62 жаңа автобус әкелінеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, автобус паркін 60%-ға дейін жаңартуға мүмкіндік туады, – деді Алмат Ақышов.
Қоғамдық көліктерге қатысты мәселені шешу үшін өзге тасымалдаушыларды да тарту көзделіп отыр. Бұл нарықтағы өзара бәсекелестікті күшейтпек.
Осы мақсатта өткен аптада өскемендік «РОСТ» көлік компаниясы жаңа қоғамдық көліктер сатып алды. 20 жаңа автобустың әрбірінде 26 орын бар, жалпы 100 адамға дейін тасымалдай алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус бар.
– Облыс әкімінің нақты тапсырмасын орындау мақсатында автобус паркін жаңартып жатырмыз. Жаңадан әкелінген қоғамдық көліктердің сапасы жақсы. Мұның барлығы халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатыр, – деді Алмат Ақышов.
Автобустардың сыртына арнайы қала логотипі салыныпты. Іші кең қоғамдық көлік ішінде жылытқыш қондырғы, шығарындыларды азайтуға арналған сүзгі мен “ONAY” жүйесі орнатылған.
Көпірді кім салады?
Бүгінде Өскеменде маңызды көлік нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қазір Славский жағалауы мен Пермитин көшесінде негізгі жер қазу және дренаж жұмыстары аяқталып, төменгі асфальт қабаты төселуде. Жаңа жол учаскесінің ұзындығы – 758 метр. Жоспар бойынша бұл жол көпір алдындағы айналма мен оған жақын көшелердегі көлік жүктемесін едәуір азайтады.
– Халықтың көбі Буров және Новаторлар көшесінен осы бағытпен қозғалады. Менің ойымша, бұл жол айналма жолдағы көлік жүктемесін 15-20%-ға дейін жеңілдетеді. Биыл эстакаданы салып үлгермейміз, дегенмен ұзындығы 33 метрлік арқалықтар дайын. Кейін бұл айналма жолда кептеліс пайда болады, мұны да ескеру керек. Сол себепті, мұнда екі эстакада жобаланып жатыр. Оның бірі Жеңіс даңғылына, екіншісі Қазақстан көшесіне шығатын болады. Осылайша, көліктер еркін қозғала алады, – деді Алмат Ақышов.
Жобаның жалпы құны – 4 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың сәуір-мамыр айларында толығымен аяқталмақ.
Облыс басшылығының шешіміне байланысты Ертіс көпірі астындағы жол биыл ашылуы мүмкін.
Ал Меновное кентіндегі көпір құрылысы 2026 жылы басталады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін дайын болуы тиіс.
– Алдын ала есептеуге сәйкес, бұған 115 млрд теңге қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл нақты сан емес. Сараптама шыққан соң белгілі болады. Ал құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады, – деді әкім.
Көпірді қай компанияның салатыны әлі белгісіз. Ол үшін арнайы байқау өткізіледі.
«Менің елестетуімде басқаша болған»
Жұмыс сапары барысында щаһар басшысы Алмат Ақышов Есенберлин даңғылында орналасқан тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстарымен танысып қайтты.
Бұған дейін қала әкімі аталған жерге келіп, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдаған еді. Осылайша, балалар үшін жаңа ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Дегенмен әкім кем-кетіктер бойынша мердігермен тағы сөйлесетін болады. Оның сөзінше, аула маңына әлі көп нәрсе жетпейді. Алмат Ақышов абаттандырылатын аумақ үлкен болады деп ойлаған.
– Ашығын айтсам, көңілім толмады. Мердігермен қайтадан сөйлесеміз. Оның үстіне бала саны көбейіп келеді. Олар таңнан кешке дейін ойнайды. Сондықтан екі-үш жылда тозып қалуы мүмкін. Биылша осыған тәуба қылайық, келесі жылы тағы толықтырамыз, – деді шаһар басшысы.
Жалпы биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 17 аула, 17 балалар алаңы және 8 спорттық алаң жаңарып, басым бөлігі пайдалануға берілді.
Жуықта «Глобус» сауда үйінің артындағы Абай даңғылынан Космический көшесіне дейінгі жол кеңейтіліп, 3 539 шаршы метр жаңа асфальт төселді. Жаңа автотұрақ пен қоршалған заманауи контейнер алаңы орнатылды. Ал 2026 жылға тұрғындардан абаттандыру бойынша 219 өтініш келіп түсті. Оның 72-сі жүзеге асырылмақ.
Амфитеатр аумағы өзгереді
Көктемде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша Қазақстан көшесіндегі аллеяны әзірлеу жұмыстары басталған еді. Белгілі болғандай, ол үшін 250 млн теңге жұмсалды.
Қазір мұнда 106 көше шамы, 70 орындық, 61 қоқыс жәшігі, 15 әткеншек, 6 гүлзар орнатылды. 5,3 мың шаршы метрден астам жерге плита төселді. Мердігерлер қалған 200 шаршы метр тротуар плитасын төсеп, балалар үшін «Барн Хаус» кешенін орнатуды жоспарлап отыр.
– Бұрын бұл жерде тіпті орындықтар жоқ болатын. Көбіне үлкен кісілер серуендеп жүреді. Сондықтан аймақ басшысының тапсырмасы бойынша көктемде осы аумақты абаттандыруды қолға алдық. Бір ағашты кеспей, қолда бар ландшафтты пайдаланып, осындай аумақ ашылды. Байқасаңыздар, мұнда жүретін адамдар саны да көбейген. Бұл жерді қала көркін аша түсетін тағы бір нысан деп есептеймін. Барлығы арнайы дизайнмен жасалды, – деді Алмат Ақышов.
Қыс мезгілінен соң аллеяға қатысты халық тарапынан ескертулер болса, назарға алынатын болады. Бұдан бөлек, қала әкімдігі Республика алаңындағы жүктемені азайту үшін Амфитеатр аумағын тиімді пайдалануды жоспарлап отыр.
Шаһар басшысы Алмат Ақышовтың сөзінше, жоба әлі бекітілмегенімен, келесі жылдың бюджетіне енгізу көзделуде. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыру үшін сахна орнатылып, көрерменге қолайлы жағдайлар жасалады. Осылайша, бұл жерде концерттер мен фестивальдер, түрлі мәдени іс-шаралар емін-еркін ұйымдастырылмақ.
– Қазір ірі шаралардың барлығы Республика алаңында өткізіледі. Ол үшін алаңға жақын көшелерді жабуға тура келеді. Одан кептеліс туындап, азаматтардың ашуын туғызады. Сондықтан Амфитеатрды пайдалану тиімді шешім болар еді, – деді Алмат Ақышов.
Бұдан бөлек, аталған аумақта биіктігі 30 метрді құрайтын Ту орнатылады.
Сонда-ақ биыл Шешек асуы аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Мұнда автотұрақтар, кәуап дайындайтын, демалатын орындар, балалар және спорт алаңдары әзірленіп, 120 жарық шам мен дәретханалар орнатылды. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, бұл аумақты әлі де кеңейту қажет. Қыс мезгіліне қарай демалыс аймағын жеке басқаруға беру жоспарлануда.
– Көптеген кәсіпкер бұл нысанға қызығушылық танытып отыр. Біз салған нысандарды халық тегін пайдаланады, кейін қосымша салынатын құрылымдар мен қызмет түрлері нысанды алатын кәсіпкердің шешіміне байланысты болмақ, – деді ол.
Жастар жиналатын орын
Қала әкімінің сөзінше, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ аралығында жастардың бас қосуы үшін қолайлы аумақ бар. Сол жерде «Студенттер аллеясы» ашылуы мүмкін.
– Студенттерге айтсақ, осыған қатысты идеяларын төгуі мүмкін. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-да өте мықты сәулетшілер мен дизайнерлер оқиды. Бірақ менің естуімше, ол жақта радиациялық нүкте бар деп айтылды. Сол үшін толық жөнделген жоқ. Бұл мәселені тиянақты зерттеу керек. Бірақ біз ойлаған жұмыс басталса, биыл емес, келер жылға жоспарланады, – деді Алмат Талғатұлы.
Естеріңізге сала кетейік, жуықта облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде жаңа футбол стадионы салынатынын айтқан еді.
Белгілі болғандай, спорттық нысан Жібек маталар комбинаты ауданындағы Тәуелсіздік монументінің арт жағындағы алаңда пайда болмақ. Қала әкімінің сөзінше, қазір жоспарлау жұмыстары жүріп жатыр.
– Стадиондағы орын халық санына байланысты есептелетін болады. Оның тиісті стандарттарға сай болуына да назар аударылады, – деді Алмат Талғатұлы.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер