A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 10:00 0

Несібе сыйлайтын несие «Даму» қоры өңір экономикасын ілгерілетуге қандай үлес қосып жатыр?

Бүгін / ШҚО

Облыста кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының субсидиялары мен жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары. Қор қолдауының арқасында өңірдегі көптеген кәсіп иесі өз істерін кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қолдау тапқан жобалар

Биыл «Даму» қоры Шығыс Қазақстан облысында 105 жаңа жобаны қаржыландырды. Бұл туралы қордың өңірлік филиалы директоры Айгүл Қасымова мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл ұйым ауқымды трансформация кезеңінен өтуде. Маусым айында іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы кәсіпкерлер үшін тиімді мүмкіндікке айналған.

– Бағдарлама пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың баламасы ретінде әзірленді. Ең бастысы, кәсіпкерлер қаржыны кідіріссіз ала алады. Шарттары да қолайлы – несиенің мерзімі 10 жылға дейін. Облыс бойынша жалпы сомасы 11,2 млрд теңге болатын 36 жоба осы бағдарлама аясында қолдау тапты, – деді Айгүл Қасымова.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кепілдік беру тетігі де жетілдірілген. Биыл құны 7 млрд теңгеге дейінгі және одан асатын жобалар үшін екі жаңа «Кепілдік қоры» іске қосылды.

– Егер кәсіпкердің кепіл мүлкі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры 7 млрд теңгеге дейінгі несиеге портфельдік кепілдікті бар болғаны екі жұмыс күні ішінде береді. Бұл кепілдік несие сомасының 85 пайызына дейінгі бөлігін, бірақ 3,5 млрд теңгеден аспайтын мөлшерін қамтиды, – деп түсіндірді филиал басшысы.

Жыл басынан бері өңірде жалпы сомасы 33,9 млрд теңге болатын 129 кепілдік шартына қол қойылды. Оның ішінде қордың кепілдік үлесі 20,9 млрд теңге болды. Сондай-ақ, «Даму» қоры биылғы 9 айда 15,1 млрд теңгеге 105 жаңа жобаны субсидиялау арқылы қолдаған.

 

«BASTAU» мектебі беретін басымдық

Қазан айында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Bastau» түзету мектебі ашылды. Бұл жоба «Даму» қорының несиелік қолдауымен жүзеге асқан. Жаңа мектеп аутизм спектрінің бұзылуы, балалардың сал ауруы және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларды оқытуға бейімделген. Мекеме 108 балаға арналған.

– Қазір біздің орталыққа 70-ке жуық бала келеді. Мұнда 15 маман жұмыс істейді, олардың қатарында дефектологтар, логопедтер мен психологтар бар. Барлығы заманауи әдістемелермен дайындалған. Бұған дейін де 8 жылдық тәжірибесі бар түзету орталығымыз жұмыс істеп келген, – деді мектеп директоры Лилия Мамбурова.

Мектепте балаларға бейімделген жалпы білім беру бағдарламалары бойынша сабақтар өтеді, сондай-ақ логопед, дефектолог және емдік дене шынықтыру мамандарымен жеке сабақтар ұйымдастырылған.

– Барлық оқу және оңалту қызметі тегін көрсетіледі. Бұл мектеп жүздеген отбасыға үміт сыйлап, ерекше балаларға жаңа мүмкіндік ашты, – деп толықтырды директор.

Айта кетейік, жоба «Банк ЦентрКредит» АҚ арқылы қаржыландырылып, «Даму» қорының кепілдігімен «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында іске асқан.

Өнеркәсіптік жабдықтар өндіреді

Өскемен қаласында орналасқан «Силумин – Восток» компаниясы – өнеркәсіптік жабдықтардың ірі отандық өндірушісі әрі жеткізушісі. Кәсіпорын энергетика, металлургия, тау-кен, мұнай-химия және машина жасау салаларында кешенді инженерлік шешімдер ұсынады. 1994 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан компанияда бүгінде 420 қызметкер еңбек етеді. Өндіріс базасы заманауи құралдармен жабдықталған, ал инженерлердің кәсібилігі жоғары деңгейде.

Компания өндірісін кеңейту мақсатында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алған. Жоба «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорының кепілдігімен жүзеге асқан.

– Бес жыл бұрын қолға алынған бағыт бүгінде айтарлықтай нәтижесін берді. «Даму» қоры қолдауының арқасында жаңа жабдықтар сатып алып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік алдық, – деді бөлім директоры Александр Борисов.

Компания бүгінде Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарына шығуға дайын. Барлық сертификат алынып, экспорттық дайындық аяқталған. Сонымен қатар, кәсіпорын аймақтық университеттермен әріптестік орнатып, студенттерге дуальды оқыту жүйесі арқылы тәжірибе ұсынуда.


Киім шығаратын компания

«Altay Outwear» – 2022 жылы құрылған қазақстандық бренд. Компания туризмге, альпинизмге арналған киім мен жабдықтар өндіреді. Өнімдер заманауи материалдар мен жаңа технологиялар негізінде тігіледі.

– Біз үшін ең бастысы – ыңғайлылық пен сапа. Киім адамға еркін қозғалыс жасауға мүмкіндік беруі тиіс, – дейді кәсіпкер Саят Бауыржанұлы.

Компания бүгінде айына 40–50 куртка шығарады. Өнімдер су өткізбейтін, сапасы жоғары және шетелдік брендтермен бәсекелес бола алатындай қабілеті бар.

Жоба «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдауымен қаржыландырылған.

– Алғашында шағын цехта бастадық. Кейін қор көмегімен екі тігін машинасын алып, өндірісімізді кеңейттік. Қазір бес маман тұрақты жұмыс істейді, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Altay Outwear» өнімдері Ресей мен көрші елдерде де сұранысқа ие. Компания алдағы уақытта өз брендтік дүкенін ашуды және экспорттық нарыққа шығуды көздеп отыр.

 

Алдағы мақсаттары – арахис шығару

«Жас-Дән» ЖШС – қуырылған күнбағыс тұқымдарын өндіретін жетекші отандық кәсіпорындардың бірі. Компанияның «Изнавр» бренді Қазақстанның 20-дан астам қаласында сатылып, 24 мыңнан астам сауда нүктесінде ұсынылған.

– Біз тек жоғары сапалы шикізатты пайдаланамыз. Шемішке көпсатылы өңдеуден өтіп, табиғи дәмі мен пайдалы қасиеттерін сақтайды, – дейді атқарушы директор Әлия Темірғалиева.

Компанияның екі өндірістік кешені бар, аптасына 30–50 тонна өнім шығарылады. Өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатында «Жас-Дән» соңғы жылдары «Даму» қорының қолдауымен жаңа техникалар сатып алған.

– Қор көмегімен заманауи жабдықтар алып, өндірісімізді жаңғырттық. Енді арахис өнімін шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді компания өкілі.

«Даму» қорының бағдарламалары өңір кәсіпкерлеріне нақты көмек көрсетіп, экономиканың дамуына серпін беруде. Қордың қолдауымен жаңа жобалар іске асып, жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив