A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 12:05 0

Хоккейден Азия чемпионаты: "Қазақстан" құрамасы "Жапониядан" жеңілді

Бүгін / ШҚО / Спорт

Кеше кешке Өскеменде хоккейден әйелдер арасында Азия чемпионаты басталды. Отандастарымыз алғашқы ойынын сәтсіз өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Чемпион атағы үшін Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея командалары сынға түсуде. Жарыс Борис Александров атындағы Спорт сарайында өтуде. Айта кетейік, өткен жылы Қытайда ұйымдастырылған алғашқы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола медаль иеленген болатын. Ал 2024 жылдың ақпанында өткен Азия ойындарында қазақстандық хоккейшілер Қытай мен Корея командаларын жеңіп, күміс жүлде алды. Алтын медаль Жапония құрамасына бұйырған еді. Жапон хоккейшілері қазір Азиядағы ең мықты команда болып саналады және олар 2026 жылы Миланда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына жолдама алған. 
Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың сөзінше, Өскеменде өтіп жатқан бұл Азия чемпионаты шайбалы хоккей үшін үлкен мереке. 
– Өйткені біздің облыс, әсіресе Өскемен қаласы – Қазақстан хоккейінің отаны. Мұнда Азияның мықты құрамалары өзара бақ сынасуда. Бұл шара хоккей жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы хоккейдің дамуына үлкен серпін береді. Соңғы жылдары Жапония мен Қытайдан келген қыздардың деңгейі біршама өсті. Сондықтан бұл чемпионат өте тартысты өтеді деп сенеміз. Ең мықтылар жеңіске жетсін, – деді ол.
2024 жылғы IIHF әлемдік рейтингісіне көз жүгіртсек, әйелдер Жапония – 7-орынға жайғасты. Қытай – 12-орын, Корея – 18-орын, ал Қазақстан – 22-орынды иеленген болатын. Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Азамат Айтхожин жарыстың Шығыста өтуінің мәнін түсіндірді:
– Бұл өңірге келгенімізге қуаныштымыз. Әйелдер арасындағы хоккейді дәл осы жерде өткізуіміздің бір себебі – хоккей Қазақстанда алғаш дамыған өңірдің бірі осы. Елге белгілі хоккейшілердің көбі дәл осы өңірден шыққан. Ұйымдастыру жұмысы жоғары деңгейде, – деді ол.
Жапония құрамасының ойыншысы Токо Харуканың сөзінше, Қазақстанға алғаш рет келді. 
– Халқы қонақжай, жылы қарсы алды. Бәсеке өте тартысты өтті. Қазақстан құрамасы мықты ойын көрсетті. Нәтижеге қарамастан оларға қарсы ойнау оңай болмады, – деді ол.
Ал Жапония құрамасы бас бапкерінің ассистенті Накадзима Юдзиро қазақстандық қақпашының шеберлігіне ерекше тоқталды.
– Біз бұл чемпионатқа үлкен дайындықпен келдік. Бірақ тек 6 гол сала алдық. Қазақстан құрамасының қақпашысы өте тамаша ойын көрсетті. Егер ол болмағанда, біз екі есе көп гол соғуымыз мүмкін еді, – деді ол.
Өскеменде жалауын көтерген әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аймақтың хоккей тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл жарыс тек мықтылардың додаға түсуімен ғана емес, сонымен бірге шығыстық жанкүйерлердің хоккейге деген ыстық ықыласын тағы бір дәлелдеді. Қазақстан құрамасы тәжірибесі мен жігерін көрсете отырып, әлемдік деңгейдегі қарсыластармен тең дәрежеде тартысты ойын өрнегін ұсынды. Ал мұндай халықаралық турнирлер аймақтағы спорт инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, жас хоккейшілерге үлкен мотивация сыйлайды.

ҰЛЖАН СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив