A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 13:00 0

Мемлекет басшысы статистика қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Бүгін / Республика

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мемлекеттік статистикасының 105 жылдығына орай құттықтау жолдап, бұл саланың ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Президент құттықтауын ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев Қазақстан мемлекеттік статистикасының 105 жылдығына арналған «Ұлттық статистикалық жүйелерді цифрлық трансформациялау» халықаралық форумында оқып берді.
– Құрметті Мемлекеттік статистика қызметкерлері мен ардагерлері! Сіздерді Қазақстанның статистика органдарының құрылғанына 105 жыл толуымен құттықтаймын! Ұлттық статистика қызметі осы уақыт ішінде заман талабына сай жаңарып, дамудың сара жолынан өтті. Қазір бұл сала мемлекеттік басқару, экономика мен қоғамды өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Статистика мәліметтері арқылы экономикалық және қоғамдық үрдістер туралы шынайы көзқарас қалыптасады. Сонымен қатар, ұзақ мерзімге арналған болжамдар жасалып, нақты шешімдер қабылданады. Қазіргідей құбылмалы заманда ақпараттың ашық әрі сенімді болуы өте маңызды. Мәліметтердің түрлі дереккөздерін кеңінен пайдаланып, бір-бірімен салыстырып, тың тәсілдер мен құралдарды қолданып, сараптамалық қызметті күшейту қажет. Озық технологиялар дәуірінде жасанды интеллектіні жаппай енгізу – маңызды міндет. Мемлекеттік статистика қызметі Қазақстанның цифрлық ел ретінде дамуына белсене атсалысуға тиіс. Осы саладағы барлық жетістік – статистика мамандарының қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Бұл – өз ісіне адал, жауапкершілігі зор, жоғары білікті азаматтардың қолынан келетін іс. Сіздер алдағы уақытта да табанды еңбек етіп, Қазақстанның тұрақты дамуына мол үлес қоса бересіздер деп сенемін. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! – делінген Президент құттықтауында.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, екі күнге созылатын іс-шараға халықаралық ұйымдардың, өзге елдердің ұлттық статистика қызметтерінің, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтың 150-ден астам өкілі қатысып жатыр.
Айта кетейік, Қазақстан статистикасының ресми тарихы 1920 жылдың 8 қарашасынан бастау алады. Сол күні мемлекеттік статистика туралы Ереже бекітіліп, Қазақ АКСР-нің Статистикалық басқармасы құрылды. 1998 жылы Президент Жарлығымен 8 қараша – Статистика күні болып белгіленді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив