
С.Аманжолов атындағы ШҚУ халықаралық рейтингідегі жағдайын біршама жақсартты
Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті халықаралық білім беру кеңістігіндегі жоғары мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Top Universities платформасында жарияланған QS Asia University Rankings 2026 қорытындысы бойынша университет Азияның 1529 жетекші оқу орнының қатарына еніп, 682-орын иеленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нәтижесі байқалған білім жүйесі
Аманжолов университетінің жетістігін атап өте отырып, бұл табыс жүйелі мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін атап өткен жөн. «Қазақстан – академиялық білім беру аумағы» форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымның ел дамуының басты қозғаушы күші екендігіне тоқталды. Университеттер «болашақтың фабрикаларына» айналып, кадрлар мен инновацияларды даярлайтын стратегиялық орталық болуы тиіс екенін баса айтты.
– Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығымен елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытуға бағытталған маңызды шаралар іске асырылуда: шетелдік студенттердің санын арттыру, университеттерді цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылым мен өндірістің интеграциясын күшейту, – делінген ақпаратта.
Осындай қуатты мемлекеттік бастамалар аясында Сәрсен Аманжолов университетінің QS Asia 2026 рейтингісіндегі топ-600 қатарына енуі – мемлекеттің, университеттің және жалпы ұлттық білім жүйесінің күш-жігері нақты нәтижесін бере бастағандығының айқын дәлелі.
Айта кету керек, биыл QS Asia рейтингі бірден 542 университетпен толықты. Ал бұл рейтинг тарихындағы ең үлкен өсім. Бұрын-соңды болмаған бәсекелестік жағдайында Аманжолов университеті өз позициясын сақтап қана қоймай, нығайтып, білім беру сапасы, ғылыми әлеует және халықаралық бедел тұрғысынан жоғары нәтижелер көрсетті.
– Университет негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Түлектердің жоғары жұмысқа орналасу деңгейі – жұмыс берушілердің сенімі мен кадр даярлау тиімділігінің айқын көрсеткіші. Халықаралық академиялық ұтқырлық артып отыр, алмасу бағдарламалары, тағылымдамалар және бірлескен жобалар саны өсуде. Ғылыми зерттеулер саласында да серпінді даму байқалады: халықаралық жарияланымдар, ғылыми әріптестік және гранттар көлемі артып келеді. Университеттің академиялық беделі халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалып, ғалымдар жаһандық бастамаларға белсенді қатысуда, – деді ШҚУ баспасөз қызметі өкілдері.
Университет мақсаты қандай?
QS Central Asia 2026 өңірлік рейтингінде Аманжолов университеті Орталық Азия университеттері арасында 41-орынға, ал Қазақстан ЖОО-лары ішінде 25-орынға ие болды. Бұл оқу орнының тұрақты және жүйелі ілгерілеуін айғақтайды.
Мамандар сөзінше, QS Asia рейтингі – жай сандар емес. Бұл білім, ғылым және халықаралық серіктестік салаларындағы нақты өзгерістердің айқын көрінісі. Аманжолов университеті үшін бұл рейтингке ену – адами капиталды дамыту, академиялық мобильділікті кеңейту және білім мен ғылымда инновациялық тәсілдерді енгізу бағытындағы дұрыс жолда келе жатқанын білдіреді.
Университеттің басты мақсаты – рейтингтерде жоғары орын алу ғана емес, білім мен ғылыми зерттеулердің нақты сапасын арттыру. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өңірдің дамуына серпін беруді және Қазақстанды Азияның білім кеңістігінде лайықты танытуды жалғастырады.
Фото: kz.testing.kz парақшасынан
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер