ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Соңғы екі айда оқу процесінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану бойынша онлайн курстан еліміздің барлық өңірінен 300 мыңға жуық педагог өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оқу-ағарту министрлігі мәліметінше, бағдарлама халықаралық тәжірибеге негізделіп, қазақстандық білім беру жүйесінің ерекшеліктеріне бейімделе әзірленген. Курстың негізгі мақсаты — педагогтерді заманауи цифрлық құралдарды тиімді қолдануға үйрету және білім беру сапасын арттыру.
– Жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, керісінше оның көмекшісіне айналады. Цифрлық технологияларды меңгерген ұстаз оқу үдерісін жандандырып, уақытын үнемдеп, оқушылардың қызығушылығын арттыра алады, - дейді Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Зейнеп Махсутова.
Курс барысында мұғалімдер жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс қолдану дағдыларын меңгерді. Атап айтқанда, оқу материалдарын, тестілерді, иллюстрациялар мен сабақ жоспарларын жылдам әрі сапалы әзірлеуді үйренеді.
Тегін онлайн-бағдарлама «Өрлеу» MOOC платформасында орналастырылған және Қазақстандағы барлық педагогтер үшін қолжетімді. Қатысушылар оқу материалдарын өздеріне ыңғайлы уақытта меңгеріп, курсты аяқтағаны туралы куәлік ала алады.
Курсқа қатысу үшін reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркелу қажет.
Пікірлер