Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында «Жайсаң Зайсан елі шақырады!» мәдени кеші өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара аясында ауыл шарушалығы тауар өндірушілерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер бұйымдарын тамашалады.
– «Туған жер – алтын бесігім» жобасы шеңберінде өтіп жатқан кештің мақсаты – өскемендіктерді Зайсан ауданының тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен таныстыру. Аудан әртістері мен шығармашылық ұжымдары ән мен биден шашу шашса, кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырды, – деді аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев.
Көрмеге әр ауылдық округ өкілдері келді.
– Үлкен Қаратал ауылындағы қожалық 2012 жылы құрылған. 2023 жылдан бастап шұжық өңдейтін цех іске қосылды. Онда сиыр және жылқы етінен шұжықтар дайындалады. Өнім облыс бойынша саудаға шығарылады, – деді Қаратал ауылдық округінің әкімі Мереке Сайранов.
Мәдени кешке қатысқан қала қонақтары мен тұрғындар да өз пікірімен бөлісті.
– Зайсан – ежелден мәдениеті дамыған аймақ. Бүгінгі іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Зайсандықтарға тек табыс тілейміз, – дейді өскемендік зейнеткер Бақытбек Сапбаев.
Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерінің жетістіктері де көрсетілді. Солардың бірі – Зайсан технология колледжі өз тарихын көпшілік назарына ұсынды.
– Зайсан технология колледжі 1945 жылы құрылған. Биыл 80 жылдық мерейтойымызды атап өттік. Қазір 162 студент білім алуда. Колледж 27 біліктілік, 5 мамандық бойынша оқытады. 2020 жылы оқу орны облыс бойынша ең үздік атанды, – деді колледж директоры Ерік Сейілханов.
Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.
Пікірлер