Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шараларымен 25,5 мың мүгедектігі бар адам қамтылды. Бүгінгі таңда барлығы ерекше қажеттіліктері бар 111 мың адам жұмыспен қамтылған, бұл еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 30%-ын құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мүгедектігі бар 743,9 мың адам тұрады, ол халықтың жалпы санының 3,7%-ын құрайды, олардың 375,2 мыңы еңбекке қабілетті жаста.
— ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4%-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота белгілейді. Ағымдағы жылдың 3 тоқсанында квота бойынша мүгедектігі бар 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылмақ. Мәселен, ағымдағы жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша тұрақты жұмысқа 4,8 мың адам, жастар практикасына — 538 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына — 538 адам, қоғамдық жұмыстарға — 5,7 мың адам, "Күміс жас" жобасы бойынша — 758 адам, "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша — 120 адам, "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша — 9 адам жұмысқа орналастырылды.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 277 адам, "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 4,5 мың адам қамтылды.
Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға өз бизнесін ашу үшін 400 АЕК-ке дейінгі (1,6 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бүгінгі таңда 1,4 мың мүгедектігі бар адам осындай қолдауға ие болды.
Сондай-ақ 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Ағымдағы жылы осындай 87 арнайы жұмыс орны құрылды.
Пікірлер