Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, Семей қаласының қазіргі негізгі мәселесі – жылу тапшылығы. Бұл шектеулердің салдарынан тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру мүмкін болмай отыр. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
- Біз жаңа тұрғын үйлерді белсенді сала алмаймыз, себебі жылумен қамту мәселесі шешілмей отыр. Егер жаңа жылу электр орталығының құрылысы жеделдетілсе, жылу беру көлемін арттырып, соған сәйкес көбірек тұрғын үй салуға мүмкіндік туады. Бұл мәселенің тиімді шешімі болмақ. Қиындықтарға қарамастан, жұмыс осы бағытта жалғасып жатыр, – деді Берік Уәли.
Әкімнің айтуынша, жаңа жылу электр орталығын салу жобасы Президент тапсырмасымен қолға алынған және ол екі жыл бұрын көрші елмен жүргізілген келіссөздер кезінде көтерілген.
- Бүгінде жобаны қаржыландыру мәселесі шешілді. Жобаны іске асыруға “Самұрық-Энерго” компаниясы жауапты. Біз құрылыс алаңын дайындап, күн панельдерін орнатуға арналған аумақ бөлдік, экономикалық кесте әзірленді. Қараша айының соңына дейін нақты мердігер анықталып, құрылыс бастау туралы келісімге қол қойылады, – деді облыс әкімі.
Берік Уәлидің сөзінше, облыс әкімдігі жобаны бірлесіп қаржыландыруға және өңірлік міндеттемелерді орындауға дайын.
- Құрылыс басталған бойда Семейдегі жылу тапшылығы мәселесін едәуір қысқа мерзімде шешіп, тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік туады, – деп айта кетті ол.
Сонымен қатар өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
- Қазіргі таңда облыста 159 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жақын арада тағы 237 мың шаршы метр тұрғын үй мұқтаж азаматтарға беріледі. Әртүрлі аудандарда кезекте тұрғандарға арналған тұрғын үйлердің құрылысы мен сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде көптеген отбасы жаңа баспанасына қол жеткізеді, – деді Берік Уәли.
Әкімнің айтуынша, бұл бағдарлама кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Басты басымдық әлеуметтік осал топтарға және жас отбасыларға беріледі.
Еске салсақ, Абай облысында инвестициялық белсенділік айтарлықтай артты. Өңір әкімі Берік Уәлидің айтуынша, жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өскен, ал тартылған инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге жеткен.
Пікірлер