
ШҚО-да ұстаздарға арналған «Жасанды интеллект: педагог көмекшісі ретінде» тегін курсы басталды
«AMANAT» партиясы мен «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығы бірлесіп, педагогтерге арналған «Жасанды интеллект: педагог көмекшісі ретінде» атты тегін республикалық курсты ресми түрде іске қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы мен білім беруді цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы тапсырмаларына толық сәйкес келеді.
- Жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның сенімді көмекшісі болуы тиіс. «AMANAT» партиясы ұстаздардың кәсіби мәртебесін көтеруге, еңбегін жеңілдетуге және білім беру процесіне озық технологияларды енгізуге бар күшін салады. Біз технология арқылы мұғалімнің уақытын қағазбастылықтан босатып, негізгі — бала тәрбиесі мен білім сапасына бағыттауды мақсат етеміз. Ұстаз мықты болса — ел мықты,- «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нуркенов.
Жобаның негізгі мақсаты — ұстаздар үшін заманауи цифрлық құралдарды меңгерту арқылы олардың жұмыс жүктемесін жеңілдету, сабақ пен бағалаудың сапасын арттыру және педагогтардың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейту. Курста оқытылатын негізгі бағыттар: жасанды интеллектті сабақ жоспарлауда және оқу-әдістемелік материалдар әзірлеуде пайдалану, автоматтандырылған тесттер мен бағалау жүйелерін құру, оқушы рефлексиясы мен оқу нәтижелерін талдау құралдарын енгізу, практикалық қолдануға бағытталған тренингтер мен мастер-кластар.
AMANAT партиясының Жол картасына сәйкес жобаның бірінші кезеңінде 300 000-нан астам педагогтың қатысуы жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысы білім беру саласындағы инновацияларды ендіруде белсенді өңірлердің бірі ретінде ерекшеленеді. Өңір педагогтары мен әдістемелік орталық мамандары жобаны практикалық тұрғыда жүзеге асыруға қатысады. Қала және аудандық білім басқармалары арқылы педагогтарды топтастыру, оқыту логистикаларын ұйымдастыру және сапа бақылауы жүргізілетін болады.
- Бұл курс тек теория емес, нақты практикалық шешімдер жиынтығы. Қатысушылар AI құралдарын сабақ жоспарын, бағалау тапсырмаларын және оқу материалдарын жылдам әрі сапалы дайындауда қолдануды үйренеді. Нәтижесінде мұғалімнің уақыттық ресурстары үнемделіп, оқушылармен шығармашылық және тәрбиелік жұмысқа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік ашылады, - деді «Daryn Ustaz» педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру орталығының бас маманы Айбат Теміржан.
Курстың форматы — онлайн-оқыту және практикалық тренингтерден тұратын модульдер. Қатысу тәртібі, тіркеу және нақты басталу мерзімі туралы ақпарат облыстық білім басқармасы мен «Daryn Ustaz» орталығы арқылы жарияланады. Қажет болған жағдайда байланыс арналары мен тіркеу нұсқаулары ресми сайттарда және облыстық білім саласының хабарландыруларында жарияланады.
Жоба нәтижесінде үздік шыққан педагогтер офлайн форматтағы педагогикалық хакатондарға шақырылып, ең үздік 20 мұғалімге Оңтүстік Кореяда тәжірибе алмасу мүмкіндігі беріледі. Бұл бастама білім беру жүйесінде инновацияларды тұрақты түрде енгізу және педагогтардың халықаралық тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«AMANAT» партиясы мен «Daryn Ustaz» орталығы облыс мұғалімдерімен бірлесе отырып, білім беру саласын цифрландыру мен жоғары кәсіби стандарттарды енгізуді әрі қарай да белсенді түрде қолға алуға ниетті.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер