«QAZAQSTAN DAUIRI» халықаралық газетінің «Ауыл тағдыры — ұлт болашағы» экспедициясы өңірлерді аралап, ауылдағы өзекті мәселелерді, ұлттық құндылықтардың сақталуын және ақпараттық сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Экспедиция мүшелері Батыс Қазақстан облысына келген сапары барысында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінде бірқатар кездесу өткізді.
Жиынға басылымның бас директоры, танымал журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов, ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат және білім бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында рухани ұлттық құндылықтарды сақтау, жастарды кітап пен газет-журнал оқуға ынталандыру мәселесі талқыланды. Сәуле Мешітбайқызы ауылдың болашағы мен ақпараттық мәдениет тақырыбында өз ойын ортаға салды:
- Ауыл — қазақтың алтын бесігі. Ауылдың тағдыры ұлттың болашағы дегеніміз бекер емес. Экспедицияның мақсаты — ауылдың тыныс-тіршілігін көріп, елдің үнін есту. Рухани құндылықты сақтап, жастарды газет-журнал оқуға тәрбиелеу — бүгінгі күннің өзекті міндеті. Ұрпақ ұлттық рухпен сусындағанда ғана елдің ертеңі нық болады. Баспасөзді қолдау — елді қолдау деп білемін, - деді Сәуле Мешітбайқызы.
Кездесуде ауыл жастарының ақпаратқа қолжетімділігі және олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудың жолдары талқыланып, бірлескен жобалар іске асыру жайлы ұсыныстар қарастырылды.
Экспедиция жұмысы аясында тағыда бірнеше кездесу өткізу жоспарланған.
Пікірлер