A+ A A-

talgatzhan 31 Бүгін, 09:45 0

Құрлықтық доданың қоласы – қоржында: Өскеменде әйелдер арасында хоккейден Азия чемпионаты өтті

Бүгін / Өскемен / Спорт

Тоғыз жыл бойы Қазақстанда әйелдер хоккейінен халықаралық жарыс өтпеген еді. Биыл осы бір қылды Шығыс Қазақстанның орталығы – Өскемен қаласы үзді. Борис Александров атындағы Спорт сарайы үш күн бойы қыздардың қайсар мінезін, жанкүйерлердің үмітін, шайбалы хоккейдің шынайы рухын сездірді. Қазақстан, Жапония, Қытай және Корея құрамалары қатысқан Азия чемпионаты тек жарыс қана емес, елдегі әйелдер хоккейінің қазіргі деңгейін бағалаудың, болашақ бағытын айқындаудың алаңы болды. Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF), Қазақстан хоккей федерациясы, ШҚО әкімдігі және «Торпедо» хоккей клубының қолдауымен ұйымдастырылған турнир өңір үшін де, ел үшін де тарихи шараға айналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жапондарды жеңе алмадық

Мұз айыдынындағы маңызды доданы тамашалауға Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Азамат Айтхожин бастаған қонақтар, өңір әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар да келді.

– Өскеменде өтіп жатқан бұл Азия чемпионаты шайбалы хоккей үшін үлкен мереке. Өйткені біздің облыс, әсіресе Өскемен қаласы – Қазақстан хоккейінің отаны. Мұнда Азияның мықты құрамалары өзара бақ сынауда. Бұл шара хоккей жанкүйерлері үшін ғана емес, жалпы хоккейдің дамуына үлкен серпін береді. Соңғы жылдары Жапония мен Қытайдан келген қыздардың деңгейінің жоғары екені белгілі. Сондықтан бұл чемпионат өте тартысты өтеді деп сенеміз. Ең мықтылар жеңіске жетсін, – деді ол.

Жарыс өтетін жер деп Өскеменнің таңдалуы бекер емес. Бұл қала қазақ хоккейінің бастау алған жерлерінің бірі саналады. Мұнда хоккей тек спорт емес, өмір салтына айналған құбылыс. Елдің белгілі хоккейшілерінің көбісі осы өңірден шыққан, – деді Қазақстан хоккей федерациясының бас директоры Азамат Айтхожин.

Ол Өскемендегі Азия чемпионатының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары бағасын берді. Қысқасы, бәрі жақсы. Ендігісі тек, арулар үмітті ақтаса дейді.

Өскемен халқы да турнирге ерекше дайындалды. Мұз сарайына келген әр жанкүйер қыздардың ойынына, көз ілеспес жылдамдықпен ұшқан шайбаға, команданың әр қозғалысына тәнті болды. Тіпті 3-ші күні келген көрермендер саны рекордтық көрсеткішке жетті.

Жарыстың ең басты назар аударған матчтарының бірі – Қазақстан мен Жапония арасындағы кездесу болды. Ойын тартысты өткенмен, жапондық қыздар 6:0 есебімен басым түсті. Аралды ел арулары өткір шабуыл жасап, айдын иелерін үнемі қысымда ұстауға тырысты. Қазақстан қақпашылары бірнеше қауіпті шабуылдарды аман сақтап қалды. Айтпақшы, Ұлттық құрама сапында өскемендік қыздар аз емес. «Торпедо» хоккей клубының баспасөз хатшысы Ернұр Саудегеровтің сөзінше, ел намысын құрлықтық деңгейде қорғаған спортшылар ішінде қақпашылар Вероника Агеева, Полина Говтва; қорғаушылар: Катрин Мескини, Полина Яковлева; шабуылшылар: София Зубкова, Мунира Саяхатқызы және Дильназ Саяхатқызын айта кетуге болады.

– Бүгінгі матч өте жақсы әсер қалдырды. Қарсылас өте мықты команда. Қорғаныста кейбір қиындықтар болды, бірақ қолымнан келгенін жасадым. Оқу-жаттығу жиыны да сәтті өтті. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтижелер көрсетеміз деп ойлаймын, – деді ойынның үздігі Арина Щеколова Жапониямен болған ойыннан кейін.


Жүлде әперген жеңіс

Жапондық ойыншы Токо Харуканың сөзінше, Қазақстанға алғаш рет келді. Өскемен халқы қонақжай, жылы қарсы алғанын, бәсеке өте тартысты өткенін жеткізді Қазақстан құрамасы ойынына лайықты баға беріп, ірі есеп тіркелсе де, біраз абдырап қалғандарын жасырмады. Алты гол салғандарын азсынды.

– Біз бұл чемпионатқа үлкен дайындықпен келдік. Бірақ тек 6 гол ғана соға алдық. Қазақстан қақпашысының ойыны керемет болды. Егер ол болмағанда, екі есе көп гол соғуымыз мүмкін еді, – деді Жапония құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Накадзима Юдзиро.

Бұдан соң Қытай құрамасына қарсы ойнады нәзік жандыларымыз. Болмады. Олардан да ұтылды. Тек үшінші күні көпшілік көңілі жадырап, соғылған голдарға қиқулап отырды. Қарсылас – Оңтүстік Корея хоккейшілері. Құраманың шынайы мінезі осы ойында көрінді. Қазақтың ұлттық намысшыл болмысын дәл осы дода да көрсете білді. Ел намысын қорғаған қыздар жеңіс үшін барын салды. Ойын тартысты өтті, соңында Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

– Бізге қолдау білдірген, сенген жанкүйерлерге алғысымыз шексіз. Бұл жеңіс біз үшін үлкен мотивация болды. Қытай, Жапония, Корея құрамаларына қарсы ойнау – үлкен мүмкіндік. Бұл турнир Қазақстан хоккейін жаңа деңгейге көтереді, – деді Дария Молдабай.

Қытаймен өткен ойында тәжірибенің жетіспеушілігі сезілді. Қазақстан құрамасы бұл кездесуде 0:6 есебімен ұтылды. Солай бола тұрса да, команда ойыннан сабақ алды деп сенеміз.

Үш күнге созылған чемпионат өскемендіктер спорт мерекесін сыйлады. Жеңістер – қуантты, жеңілістер – ой салды. Ең бастысы – ұлттық құраманың қазіргі дайындығына көз жеткіздік. Өскемен халқы да хоккейдің әлі де рухты спорт екенін дәлелдеді. Мұз сарайына келген жанкүйерлердің қолдауы, айқайы, шынайы эмоциясы – команданың болашағына сенім беретін ерекше күш болды.

– Бұл турнир – тек спорт қана емес, жастарға, хоккейге деген қызығушылыққа үлкен үлес. Қыздар өздерін көрсетті, бізге сенім артты. Енді олар жаңа мақсаттарға жетуге дайын, – дейді Азамат Айтхожин.


Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив