
Биыл өңір спортшылары республикадан асып, халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарда көп-көрім олжалы. Олай болуы заңдылық та шығар. Бір жағынан көп ұлтты аймақ. Спортшылар қызығып, нәтиже көрсету үшін барын салатын бағыттар аз емес. Қысы-жазы жаттығулар үзілмейді. Жуықта облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов жыл басталғалы атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылаған болатын, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Стадион мен спорт кешендері салынуда
Екі тақырыпты өз алдына мақала ретінде дайындадық. Бірі – Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласында жалауын көтерген дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогі, екіншісі – «Алтай» футбол клубының Премьер-лигаға өтуі. Әлем кубогінде топ жарған Аяш Қабдоллаева туралы сұхбат осы нөмірде шықса, теңбіл доп бәсекесіндегі теңдессіз жетістік газетіміздің келесі нөмірінде жарияланбақ. Мәлім болғандай, өңірде қазір сегіз спорттық нысан салынып жатыр. Оның бюджеті – 6 104,941 млн. тенге
Соның ішінде:
– 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені – Катонқарағай (819,5 млн теңге), Үлкен Нарын аудандарында (694,7 млн теңге), Бозанбай (572,9 млн теңге), Марқакөл (456,0 млн теңге), Ақжар (842,8 млн теңге) және Күршім ауылында (1 263,203 млн теңге);
– 1 спорттық модуль – Айнабұлақ ауылында (444,4 млн теңге);
– 1 ипподром – Өскемен қаласында (1 455,838 млн теңге).
2025 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілген нысандар:
– Өскемен қаласындағы шаңғы базасы – 541,6 млн теңге;
– Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы орталық стадион – 330,1 млн теңге (реконструкция).
Байқағандарыңыздай, басқарма басшысы өз баяндамасында бірнеше ауданды атап өтті. Қазір аймақ бойынша бұрын бітпеген құрылыстар біртіндеп тәмамдалып келеді. Аудандардың барлығы дерлік, шекара бойында орналасқан. Мәселен, қазан айында Ұлан ауданына қарасты Таврия ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Оған жұмсалған қаржы – 499,6 млн теңге. Одан бөлек, жалпы жиынтығы 303,5 млн теңгеге барлығы 19 балалар футбол алаңы орнатылды. Биыл республика көлемінде тұрғындардың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 56% болу тиіс деген меже қойылған екен. Әзірге ол тапсырма 51,5 пайызға орындалған. Енді осыны 52%-ға жеткізу жоспарға қойылды. Ол орындалып қалуы мүмкін. Себебі, жыл аяқталмай тұрып, тағы екі спорт кешені халық игілігіне берілетіні белгілі болды. Ол қай жер десеңіздер:
Бозанбай ауылы (Ұлан ауданы, 572,9 млн теңге);
Катонқарағай ауылы (Катонқарағай ауданы, 819,5 млн теңге).
Тұрғындар футболды тоңбай көреді
Асқар Можанов ресми ақпаратпен бөлісе отырып, тағы бір қуанышты хабардың шетін шығарды.
– Тағы қосымша дене шынықтыру-сауықтыру кешендері Риддер қаласы мен Зайсан ауданында салынады. Риддер қаласында үлгілік жобаға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу үшін қала бюджетінен 10 миллион теңге бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Әйтеуір сараптаманың оң қорытындысы келді. Жоба құны – 993,3 млн теңге. «Оливия» ЖШС-мен келісімшарт орнатып жатырмыз, – деді Асқар Байжігітұлы.
Қазір аталған келісімшарт Қазынашылық органдарына тіркеу сатысында. Зайсан қаласында жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, келісімшарт сомасы – 5,8 млн теңге. Бұл жағынан да мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесі шыққан. Жобаның жалпы құны – 3 млрд 979 млн 700 мың теңге. Мұнымен біткен жоқ. Өскеменде Волейбол орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл да бір күтпеген қуанышты жаңалық. Себебі, өңірдің әр түкпірінде талантты ұл-қыздың көптігін ескерсек, оларды бір жерге топтастыратын жер керек-ақ. Оған қоса, қазір Жоғары лигада сәтті ойнап жүрген «Жас Берел» ерлер командасын мысал ете кетуге болады. «Берел» бұрымдылары да «Қуаныш» пен «Жетісу» ұжымдарымен иық тірестіре ойнап келеді. Орталық ойдағыдай салынса, ала доп аламанында бірыңғай үздік нәтижелердің тіркелері сөзсіз. Бұл жобаның құны – 4 млрд 320 млн 387 мың теңге.
2026-шы жылға жоспар бұнымен де шектелмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында келесі жобаларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді:
1. Өскемен қаласында UEFA III санатындағы 5000 орындық жабық футбол стадионы – 452,0 млн теңге (облыстық бюджет).
2. Ұлттық теннис академиясының көпфункционалды спорт кешені – 96,32 млн теңге (жергілікті бюджет).
3. Риддер қаласы маңындағы республикалық спорттық-сауықтыру және оңалту орталығы – 50,0 млн теңге (облыстық бюджет).
Енді осы жерде журналистер тарапынан «неге 5000 адамдық стадион?» деген сауал туындады. Сөйтсе, мұның жауабын тереңнен қазудың қажеті жоқ екен. Ең негізгі себебі сол, Шығыстың климаты ескеріледі. Бір жағынан қыс үш емес, 5-6 айға созылады. Сосын бұл төбесі жабық стадион болады. Демек, жоба қыруар қаражатты қажет етеді. Есесіне, бұл UEFA талаптарына толық сай келетіндей етіп салынбақ.
– Қазақстан чемпионаты елімізде наурыз айында басталады. Ал бізде көп жерде әлі қар жатады, күн де аса бір жылына қоймайды. Осы жағы ескерілді. Жер учаскесі таңдалды. Бұйырса, қаңтар айында есеп-қисап толықтай әзірленіп, құрылыс қамына кірісеміз, – деді басқарма басшысы.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер