A+ A A-

talgatzhan 28 Бүгін, 10:20 0

Құжат жоғалса не істеу керек?

Бүгін / Пайдалы

Кез келген адамның өмірінде жеке құжаттарды жаңарту немесе қайта рәсімдеу қажеттілігі туындайтыны белгілі. Себептері әртүрлі болуы мүмкін: құжат жоғалып немесе оны ұрлап кетеді, уақытында алмастырылмай қалады, я болмаса жаңа құжатқа деген шұғыл қажеттілік. Мұндай жағдайда не істеу керек, қайда жүгінген дұрыс, қандай құжаттар қажет? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алу үшін Өскемен қалалық көші-қон қызметі мамандарына жүгіндік. Олар азаматтар жиі қоятын сауалдарға егжей-тегжейлі түсініктеме беріп, құжат рәсімдеу тәртібіндегі маңызды жайттарды түсіндірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Егер жеке куәлік немесе төлқұжат жоғалса, ең алдымен не істеу керек? Полицияға барып, арыз жазу қажет пе?

– Егер құжат жоғалса, ең жақын Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барып, құжаттың жоғалғаны жөнінде өтініш беру жеткілікті. Егер ұрланды деген күдік болмаса, тәртіп сақшыларына жүгіну қажет емес.


– Жақында менің әмиянымды ұрлап кетті. Ал ішінде жеке куәлігім мен жүргізуші куәлігім бар еді. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

– Бірінші кезекте полиция басқармасына (Кабанбай батыр көшесі, 152) барып, ұрлық туралы арыз беру керек. Сол жақтан анықтама алып, ХҚКО-ға құжаттарды қалпына келтіру туралы өтініш беріледі.

 

– Босанған соң сырт келбетім қатты өзгерді. Артық салмақ қостым, шашымды қидым. Енді әуежайда немесе мемлекеттік мекемелерде құжатымды көрсеткенде бәрі «Бұл расымен сіз бе?» деп сұрайды. Сыртқы түр-әлпет өзгерсе, жаңа құжатты мерзімінен бұрын алуға бола ма? Жалпы қандай жағдайларда құжат мерзімінен бұрын ауыстырылады?

– Иә, болады. Өтініш берген кезде ХҚКО-да «Сырт келбетім өзгерді» деген себеп көрсетіледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліктері мен төлқұжаттарын рәсімдеу, беру, ауыстыру, алу және жою қағидаларына сәйкес, келесі жағдайларда құжатты мерзімінен бұрын ауыстыруға болады:

Жеке деректердің өзгеруі: тегі, аты, әкесінің аты өзгерсе (мысалы, некеге тұру, некені бұзу, есім ауыстыру); жынысы өзгерсе; туған күні немесе туған жері жөніндегі мәліметтер түзетілсе (азаматтық хал актілеріне түзету енгізіледі). Бұл жағдайда жеке деректердің өзгергенін растайтын тиісті құжат (некеге тұру туралы куәлік, АХАЖ анықтамасы және т.б.) ұсыну керек;

Сырт келбетінің өзгеруі: адамның бейнесі айтарлықтай өзгерсе (пластикалық операция, жарақат, салмақ қосу немесе тастау, шаш үлгісі мен түсінің өзгеруі және т.б.);

Құжаттың бүлінуі: жеке куәлік немесе паспорт тозса, жыртылса, су немесе басқа заттармен бүлінсе, деректер оқылмай қалса өтініш берген орынды.
Сондай-ақ құжат жоғалған, ұрланған немесе деректерде қате кеткен жағдайда да (мысалы, аты-жөнінде немесе туған күнде қате болса) мерзімінен бұрын ауыстыруға болады. Өтініш азаматтың қалауы бойынша ХҚКО арқылы беріледі.

 

– Құжаттың қолданылу мерзімі аяқталып келе жатса, оны қанша уақыт бұрын ауыстыру керек?

– Жеке куәліктің мерзімі бітер алдында 1-2 ай бұрын немесе мерзімі өткеннен кейінгі 10 күн ішінде өтініш беруге болады. 16 жасқа толған азаматтар жеке куәлік алу үшін 16 жасқа толғаннан кейін 10 күн ішінде өтініш беруі тиіс.


– Егер жеке куәлігімнің мерзімі өтіп кетсе, айыппұл салына ма?

– Иә. Қолданылу мерзімі өткен жеке куәлікті пайдалану – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық болып саналады.

Егер жеке куәліктің мерзімі 10 күннен артық, бірақ 1 айдан кем өтсе, ескерту беріледі. Ал егер мерзімі 1 айдан асып кетсе, 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады (27 524 теңге).


– Әкем инсульттан алғаннан кейін төсек тартып жатыр, өз бетімен жүріп-тұра алмайды. Жеке куәлігінің мерзімі бітейін деп қалды, бірақ ХҚКО-ға бара алмайды. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

– Мұндай жағдайда үйде құжат рәсімдеу қызметін алуға болады. Ол үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласу керек. Қажет болған жағдайда көші-қон қызметінің мамандары азаматтың үйіне барып, жеке куәлік немесе төлқұжат рәсімдейді.


– Қазір жеке куәлік пен төлқұжаттың бағасы қанша? Қанша уақытта дайын болады және жедел алу үшін қанша төлеу керек?

- Өскемен қаласының көші-қон қызметі келесі мәліметтерді ұсынады:

Жеке куәлік – 0,2 АЕК (786,40 теңге);

Паспорт (36 бет) – 8 АЕК (31 456 теңге);

Балалар паспорты (24 бет) – 4 АЕК (15 728 теңге).

2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңге мөлшерінде белгіленген.

Құжаттарды дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні.

Жедел түрде рәсімдеу де мүмкін:

Облыс орталықтары үшін:

1-ші санат (3 жұмыс күніне дейін) – 3 372 теңге;

2-ші санат (5 жұмыс күніне дейін) – 1 771 теңге;

Қала және аудандар үшін:

3-ші санат (7 жұмыс күніне дейін) – 678 теңге.

 

– Қазақстанда тұруға ықтиярхат алу үшін шетел азаматы не істеуі керек?

– Тұруға ықтиярхат алу үшін Өскемен қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне (Кабанбай батыр көшесі, 152) жүгіну қажет. Ол үшін қажетті құжаттар:

жарамдылық мерзімі кемінде 180 күн болатын шетелдік паспорт;

шыққан елінен берілген сотталмағаны туралы анықтама (ҚХР қандастарынан басқа);

028-у медициналық анықтамасы;

төлем қабілеттілігін растайтын құжаттар (жеке тәртіпте қаралады).

 

– Өскемендегі ХҚКО-ларда өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылды ма, әлде бұл тек басқа қалалардағы пилоттық жоба ма?

– Жоқ, бұл жай ғана пилоттық жоба емес. Өзін-өзі қызмет көрсету терминалдары Қазақстанның барлық өңірінде орнатылмақ. Олар азаматтарға өтініш беруді жеңілдетіп, қызмет көрсету уақытын жеделдетуге бағытталған. Қазір мұндай терминалдар Астана қаласының кейбір ХҚКО-ларында жұмыс істеп тұр. Басқа қалаларда, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының орталығында әзірге орнатылған жоқ.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив