Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қаныбек Төлеухан мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Оның айтуынша, осы жылдың 9 айында шаһарға 32 650 турист келген, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға артық (2024 жылы – 30 850 адам).
– Қауіпсіз әрі сапалы демалыс ұйымдастыру үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Қалада «Star Dust Camp» және «Эдельвейс» тау шаңғысы базалары жұмыс істейді. Бұл нысандар қысқы спорт пен белсенді демалыс әуесқойларына кең ауқымды қызмет ұсынады. Жаз мезгілінде мұнда бассейн, багги-турлар мен хайкинг ұйымдастырылса, қыста қаршанамен серуендеу, фрирайд, скитур, хелиски және тікұшақпен экскурсиялар өтеді, – деді Қаныбек Төлеухан.
Сонымен қатар өңірде тау шаңғысы кластерін құру жобасы жүзеге асырылуда. Осы бағытта Риддер қаласының әкімдігі, облыстық салалық басқармалар және Bartholet Maschinenbau AG (Швейцария) компаниясының өкілдері бірқатар кездесу мен жұмыс сапарларын өткізген.
Иванов жотасы мен Проходной Белок басым локациялар ретінде қарастырылған. Мұнда инженерлік инфрақұрылым, табиғи жағдайлар мен жердің құқықтық мәртебесі зерттеліп, аэрофототүсірілім материалдары дайындалған. Аталған жоба Риддердің туристік әлеуетін арттырып, аймақ экономикасына серпін бермек.
Пікірлер