Шемонаиха қаласында тұратын жеке кәсіпкер Полина Висмер «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін сәтті дамытып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірлік экономиканы нығайту.
Кәсіпкер жобаның арқасында 9,23 млн теңге несие алып, Қазақстан мен Ресейден арнайы жабдықтар сатып алған. Нәтижесінде глютенсіз нан-тоқаш өнімдерін өндіруге арналған жаңа цех толыққанды іске қосылды. Өндіріс қуаттылығы сағатына 144 бөлке нанға дейін, ал тәулігіне 2500 дана өнім шығаруға мүмкіндік бар.
Цехте заманауи құрал-жабдықтар толық жеткізіліп, іске қосылды. Өндірісте әдеттегі нан түрлерімен қатар арнайы диеталық және глютенсіз өнімдер дайындалады.
- Мен ұзақ уақыттан бері денсаулыққа пайдалы, глютенсіз өнім өндіруді ойлап жүрдім. «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы арқылы бұл ой нақты іске асты. Қазір біздің цех толық қуатында жұмыс істеп тұр. Тұтынушыларға сапалы әрі табиғи өнім ұсыну – басты мақсатымыз,- дейді «Ауыл аманаты» жобасының қатысушысы Полина Висмер.
Бүгінде кәсіпорында 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта өнім түрлерін кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыру жоспарланып отыр.
Пікірлер